Вторник, 24.10.2017
NAUBET
Сайттың мәзірі
Бағалау
Оцените мой сайт
Жалпы жауабы: 187

Куәгерлер сөйлейді

Сайттың бұл бетінде Ашаршылықты басынан кешкендердің куәгерлік көрсетулері орын алады деген ойдамыз.

Бәріміз де сол сұрапыл зұлматта тірі қалғандардың естеліктері мен олардың әңгімелерін естігендердің куәліктерін қағазға түсіріп, осы жұмысқа атсалыссақ деп үндеу саламыз.

Куәгерлік көрсетулер тарихи дерек болу үшін мұнда Ашаршылықты басынан кешкендердің есімі, өмір сүрген жылдарын, сол кезде тұрған мекен-жайын келтіру керек секілді.

Ашаршылық қасіретін басынан кешкендер күннен-күнге азайып барады. Сол себепті де асығайық, ағайын!

Құрметті оқырман!

Бұл беттен Сіз жинаған деректерді күтеміз.

РЕДАКТОР

Куәгерлер сөйлейді...

Әбенова Сарқыт Мұхамбетәбіқызы

«Менің әжем 1925 жылы сол кездегі Өскемен облысы, Самара ауданы, Ертістің жағасында орналасқан Казнакоп ауылында дүниеге келген. Сарқыт әжем әкесінен ерте айырылып, оны анасы Мұқыпжамал Байділдәқызы тәрбиелеген екен. Бес баланың ішінде ең кенжесі Сарқыт әже екен. 1928 жылы қазақ жерінде кеңес өкіметі кәмпескелеуді бастайды, колхоз, совхоз құруға елдің қорек етіп отырған малын алады. Ел аштыққа ұшырай бастайды. Аштықтың, жоқшылықтың қасіретіне төзе алмаған халықтың көбі жер ауып кетуге мәжбүр болады. Көптеген адамдар Қытайға Шәуешек арқылы қашқан екен. Ал сол кезде Сарқыт әженің отбасы көшуге жағдайы да, көліктері де болмай, ауылда қала беріпті.

Ертістің сағасы Қарасу деген өзеннен балық аулап, күнін көріпті. Сарқыт әженің анасы өте шебер кісі болған екен, біреуге тон, біреуге тымақ тігіп, бір жапырақ нан тауып, балаларына бөліп беріп асыраған екен. Көбіне орыстардың жұмысына жалданып, солардан бидай, картоп алып, соны қорек етіпті. «Картопты қабығымен жеуші едік» деп есіне түсіреді әжем. Орыстар бидай, картоп, жеміс-жидек егіп, жылдық астығын жинап алып, бидай мен ұн сатып отыратын. Сол жылдары аштықтың қасіретімен бірге шешек ауыруы да шығып, Сарқыт әже шешек ауыруына шалдығып, әрең жазылған екен. Оның себебі, аш адамдар арам өлген малдың етін қазып алып жеп, содан ауруға шалдығып, қайтыс болатын еді. Дәрігер деген атымен жоқ. «Адам қатты ашыққанда, қатты арықтап, өлер кезінде ісініп кетеді екен» дейді күрсіне Сарқыт әже. Ол кісі ашаршылықта аман қалып, Ұлы Отан соғысы жылдары халықпен бірге жеңіс күнін жақындату үшін ерен еңбек еткен. Сарқыт әже соғыстан кейін мұғалім оқуын аяқтап, ұзақ жылдар бойы Шығыс Қазақстан облысы, Самара ауданы, Бастауыш ауылында Абай атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет жасаған. Қазіргі кезде әжем Алматы қаласында Майкопская көшесінің №36 үйінде қызы мен немерелерімен бірге тұрады».

Жазып алған
Батырова Жанар
Ө.А.Жолдасбеков атындағы  
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті  

 

Лубаев Қамсы

«Бір күні Асхат ағай курстас құрбым Әйгерім екеумізді ашаршылық куәсі болған өзінің енесінің үйіне алып барды. Әжейдің аты - Юсупова Сәрби, 1928 жылы туылған екен. Ол кісі талай-талай әңгіме айтты, барлығын да жазып алдық. Алайда менің есімде әжейдің келіні Гүләйлә апайдың келтірген жан түршіктірер оқиғасы ерекше қалыпты.

- Маған бұл әңгімені 1979 не 1980 жылдары, әйтеуір 7- сыныпта оқып жүрген кезімде, Көксу ауданы, Талапты ауылында тұратын атам Лубаев Қамсы айтып беріп еді.

Қамсы ата ашаршылық кезінде Куйбышев колхозында тұрған екен. Жігіт шағы, шамасы 24-25 жастарда. Бір күні атам қасына досын ертіп, көрші үйге барады. Есікті ашып, үй иесінің екі жасар ұл баласын шелекке салып, астына от жағып, пісіріп жатқан жерінен түседі. «Жаңағының екі көзі қызарып, денесі қалш-қалш етеді» деп есіне алған еді атам. «Есік ашылған дыбысқа жалт етіп, бізге аш көзімен қарағаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді». Әлгінің әйелі де із- түссіз жоғалып кеткен екен, көршілері мұны кейін біліп, іздестірген. Алайда таппаған.

Мен «Ата, есімін айтыңызшы ол адамның, мен Куйбышевке барғанда тауып алам, үйіне барам, көрем оны» деп біраз жалындым. Бірақ жетпіске таяп қалған қария:

- Оны қайтесің, қызым, ол сол кезде менен 7- 8 жас үлкендеу жігіт еді, қазір тірі. Бүгінде ол өз отбасын қайтадан құрған, әйелі, бала- шағасы бар,- деп жауап қатып еді».

Жазып алған
Жұлдыз Нұрлан
Ө.А.Жолдасбеков атындағы 
экономика және құқық академиясы 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс студенті  

 

Барлықбаев Демежан

Әкемнің әкесі Демежан атамның басынан мынандай оқиға өткен екен. Атамның туған жылы белгісіз, ал әжемнің туған жылы - барыс жылы. Олардың алты баласы болған.

Кәмпеске кезінде «бай баласы болған» деп атамызды өкімет қамауға алған, содан әр күні түрмеде таңертең барлық тұтқындарды сапқа тұрғызып қойып, әрбір үшіншісін атып отырған екен. Атамды да атуға аз қалғанда, әжем әлгі абақты бастығының әйеліне барып, жылап тұрып, одан көмек сұрайды. Өзінің көп балалы екенін айтады. «Сен менің күйеуімді босатуға көмектес, мен саған жинаған алтын ділдәмді және бір дорба ұнымды берейін!» деп алтынын әлгі әйелге апарып береді. Бірақ абақты бастығының әйелі алтынды алмайды: «Сен бұл алтынды маған берме, одан да балаларыңа қаражат қыл. Таңертең ертерек таң бозынан кел, шамам келсе көмектесейін»,- дейді.

Содан күйеуіне бұл туралы айтпаған әйел таң бозынан өзі барып күзетшілермен келісіп, атамызды абақтыдан шығарып береді. Содан атам мен әжем балаларын ала сала, Барлық Арасан тауынан асып, Қытайға өтіп кетеді.

Ал кейіннен қайта Қазақстанға келгеннен кейін сұрастыра отырып, абақты бастығы әйелінің келесідей жәйін білген екен. Атамызды шығарып жібергенін білген абақты бастығы күзетшілерін қыспаққа алады. Қыспақ көрген күзетшілер тұтқынға шығуға көмектескен өзінің әйелі екенін айтады. Бұны естіген бастық қашқан тұтқынның орнына өзінің әйелін атып тастаған дейді. Ал әлгі алтынды, кіші әкемнің баласының айтуы бойынша, атамыз Қытай жерінде бір зираттың жанына апарып көмген дейді.Оны 1993 жылы үйге қонаққа келген әкемнің әпкесіне айтқанын естігенбіз. Атам мүмкін «бұл алтын жанымның садақасы» деп есептеген болар деп топшылаймын өзім...

Міне, менің атамның басынан кешкен оқиға осындай болған екен.

Жазып алған
Барлықбаева Маржан
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенті

Жұмақыз апай

«Сарыөзек ауылының тұрғыны Жұмақыз апай ашаршылық кезінде 10 жаста екен, бастан өткерген әңгімесін маған айтып берді. Ол кісінің шешесі сол жылдары жас босаныпты, ал әкесі қайтыс болған екен. Шешесінің балаларына беретін тамағы жоқ, сондықтан да Жұмақыз екеуі масақ теріп, бала-шағасына талғажау етеді: масақ та титтей де болса, нәр береді екен адамға. Тамақ жоқ, нан жоқ: елдің жағдайы өте нашар. Көрген көзге аяушылық сезім оятады. Сирағы сыйдиған бала-шаға. Көршілер бір-біріне кіріп, араласудан қалыпты. Аштықтан адамдардың ниеті тарылыпты. Осындай күндердің бірінде масақ теруге кеткен Жұмақыз шешесі екеуі көп кідіріп қалыпты. Масақ таппай, талай жерлерді кезіпті. Сөйтіп аштықтан көздері бұлдыраған болар, қалай қас қарайып, кеш батқанын білмей қалыпты. Таңғы азаннан, күн шыға салысымен кеткен олар адасып, таң ата ғана үйлерін әрең тауыпты. Келсе, үйдің іші аңыраған суық. Шешесі жүгіріп барып, бесіктегі жатқан баланы емізбекші болады. Сол кезде оның аңыраған дауысы естіледі. Жұмақыз кішкентай болса да, бала жүрегімен не болғанын бірден сезеді: бесікте жатқан інісі аштықтан көз жұмған екен. Ертесіне баланы жерлеп, жер қойнына тапсырып, бұл ауылмен біржолата қоштасып, екеуі ел кезіп қаңғырып кетеді. Жаяу аштықтан бұратылып, ұзақ жол жүріп, ауыл-ауылдарды аралайды. Талғажау боларлық бір түйір дән бере ме деп, қайыршылық жолына түседі.

Бір ауылға келгенде алдарынан қараша үй көрінеді. Шешесі екеуі кірмекші болып, сол үйдің есігін ашады. Үйдің іші қап-қара ыстан көрінбейді. Жыртық киізді төсеніп, төрде бүрісіп бір шал жатыр. Оның бас жағында екі сирағы сыйдиған, аштықтан әбден жүдеген, көздері шүңірейген екі бала отыр. Олардың шешесі қазан жақта от жағып, ауқат істеп отыр екен. «Бізді көре салысымен қолындағы шөмішін ала жүгіріп, балағат сөздер айтып, бізге тап берді. Біз не болғанын түсінбей, қаша жөнелдік» деп әңгімелейді Жұмақыз апай.

Өстіп небір қиыншылықтарды бастан өткеріп, ауылдарды аралап, шешесі екеуі жүре берген. Аштықтан азып-тозып, ауыртпалықты көтере алмаған, әбден жүдеген шешесі бір ауылға келгенде көз жұмыпты. Қаршадай қыз шешесінің мәйітінің қасында не істерін білмей, дал болады. Анасының басын құшақтап, еңіреген қызға көмектесетін ешкім болмайды. Тағдыр тәлкегіне түскен кішкентай қыз жүрегі қайғыдан құса болады, еңіреп етегі жасқа толады. Шарасыздан не істерін білмеген қыз анасының мәйітін тастап, дала кезіп жүре береді, жүре береді.

Жұмақыз алдынан кезіккен ауылдағы бір үйден пана тауып, жалғыз басты кемпірге кез болады, кемпір қызға жаны ашып, оған көмек қолын ұсынады. Жұмақыз сол кемпірдің бабын тауып, жұмыстарына қолғабыс жасап, кемпірге қыз болып сіңеді. Осылай көп қиыншылықтарды бастан өткеріп, Жұмақыз апай ашаршылықтан аман қалыпты. Кемпірді өз шешесінен кем көрмей, екінші анасы ретінде санапты. «Сол анам болмаса, тағдырымның не болатыны беймәлім еді ғой. Сондай асыл жандар арқылы біз жан сақтап қалған едік» деп әңгімесін аяқтады Жұмақыз апай».

(Өкінішке орай, Жұмақыз апайды асырап алған кейуананың есімін студент жазып алмапты...)

Жазып алған
Базарбекова Меңтай
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенті

Оразаева Мағлима

«Осынау ел басынан өткен нәубет жылдардан қалған көнекөз қариялар да сирек. Сұрастыра жүріп, туған ауылым Қызылағаштың тұрғыны, Абай көшесіндегі №24 үйде тұратын жасы тоқсанның төріне оза бастаған әкемнің нағашы апасы Оразаева Мағлима апамен сырластым. Ғасырға таяу өмір сүріп келе жатқан қарт әженің көз жанарының ұшқыны әлі сөнбеген. Мен әжейдің қал-жағдайын сұрап болған соң, ол кісіні ашаршылық жайлы сөзге тарттым. Әжей күрсіне отырып:

- Е, қарағым, ол бір «Адам баласына қайталанбасын» деп тілейтін уақыт болды ғой...- деп кимешегінің ұшымен көз жасын бір сығып алды да, әңгімесін әрі қарай жалғай жөнелді.

- Ол уақытта 17-18 жас шамасында едім, тұрмысқа жаңа шыққамын, күйеуім жаман жігіт емес еді, аздаған сауаты да бар еді. Алдымен байлардың малы алынып, көп ұзамай орта шаруаның да малдарын өкімет тартып алды. Әуелі күн көріс, азық қылып отырған малды алды, содан кейін көлікті алды, ешбір аяусыз кең тықыр далада жаяу қалдық. Халықтың жиған қоры жоқ. Сырттан не көмек, не көлік, не өзенде балық жоқ. Жұрт ашаршылыққа ұшырады.

Қазақ халқы үшін нағыз нәубет басталды ғой. Қуаңшылық бір жағынан, аш-жалаңаш, азып-тозған бала-шаға. Елді жайлаған індет. Аштықтан ел жаппай қырыла бастады. Ол кезде біз Семей облысы, Шұбартау ауданы, Сарқымақ ауылында тұрдық. Таршылық заманда шешем өліп, іні-сіңлілерім жетім қалды. Тамақ жоқ, шөп-шөптің тамырларын кеміріп, сорған күндеріміз де болды. Көзі тұнған аш адамдар тіпті бірінің баласын бірі ұрлап жеуге дайын еді. «Кісі етін жеген шұбартауықтар» деген содан шыққан. Қалада жағдай әлде қалай жақсы деп санаған ауыл қалаға қарай шұбырды. Бірақ қалаға жетудің мүмкіндігі аз еді. Біз де күйеуіміз екеуміз талқанымызды арқалап, қалаға бет бұрдық.

Жол бойы сүйектері ырсиып кеткен арық адамдар, жол шетінде көмусіз қалған балалардың өліктері. Әбден қалжыраған әйелдер арқалаған емшектегі балаларын бел астында қалдырып кеткенін көрдік. Біз итпектеп Семейге де жеттік. Ол уақытта Семейге кіре берісте Ертістен өтетін үлкен көпір бартұғын, соған таяғанда көрдік: Құдай-ау, мұнда да қаптаған өліктер. Менің көз алдымнен әлі де кетпейді олар, әсіресе мына сурет: жас әйел өліп жатыр, бір жасқа таяп қалған баласы шешесінің омырауын сорып-сорып, бақырып жылайды. Өлі денеден не шықсын. Ол бала да өлген шығар. Біреуге біреу қарамайды. Семейде де күніміз белгілі болды: тамақ жоқ, бізге қолғабыс берер жан жоқ. Содан Жетісу жақтағы ағайындарға бет бұрдық. Алғаш біз қазіргі Сарқан ауданындағы Черкасскіге келдік. Күйеуім осындағы балалар үйіне арбакеш болып жұмысқа кірді. Бұл дегеніңіз сұмдық жұмыс еді. Ертелі-кеш мая боп жиналған балалардың мәйітін арбаға тиеп, тау ішіне әкетеді де, құздан төмен тастайды, өйткені өлі денелерді көміп үлгеру мүмкін емес. Мұның бәрі де өкіметтің бұйрығы бойынша жасалып жатты: ол уақытта өкімет не айтса, сол орындалатын еді ғой.

Біз Черкасскіде көп тұрмадық, Ақсуға келіп табан тіредік. Онда мөлшермен бидай береді екен: әр үйге 1 кесе бидайдан үлестіреді. Сол бидайды кепкен теріге аздап шашып, балаларды алдап, тергізіп жегіземіз, сондан ауқат алатынбыз. Семейден жиырма үй көшіп келдік, оның ішіндегі 13 үй бала-шағасымен тегіс аштан қырылды. Алғашында абысын, келін, қыздарды жуындырып, кебінін кигізуге қорқып едім, үлкен енеміз «сауабын аласың» деп өлгендерді жуындырып, көйлегін кигізіп көметін болдық. Ал кейін тіпті жуындыруға да, көмуге де үлгере алмадық. Бұл жерде де мәйіттерді құздан тастайтын болдық. Бір күнде тіпті 52 адамды құзға апарып тастаған күніміз болды. Аштықпен қатар сүзек, қылша аурулары да қабаттасты. Ел аш-жалаңаш, өлгендер көп, соның ішінде бала жағы басым. Бір жанұядан 7-8 баланы да көміп едік. Ол кезде «продпомощь» деп аздап азық-түлік таратады, ол бәріне тегіс жетпейді. Міне осы ашаршылық жылдары өзімнің нағашыларым Есімбек, Есқалы деген кісілер үш баласымен, әйелдерімен шұбырып, Ташкент жаққа кетіп, содан жоқ болды. Солтүстік жақтың көп елі Түркістанға ағылып, аман қалды ғой - ол жақта жағдай біршама жақсы еді ғой, қарғам,- деп күңірене сыр шертті қария.

- Сөйтіп апаларың ашаршылықтан аман қалып, аталарың Ұлы Отан соғысына да қатысты. Тыныш өмірді де көріп кетті. Айналайын, нан ауыз ти, бір үзім нанның қадірін біліңдер! – деп сөзін аяқтап болды да:

- Әй, қайдам, заман да, адам да өзгеріп барады ғой, тек нанды қадірлеңдер! – деп шегелей ескертті.

Апамыз немере, шөбере сүйіп отыр. Апамыз сөз соңында сол кезде көрген бір түсін айтты. Ашаршылық заманында ашығып, шаршап келе жатыпты. О дүниелік болған көп бала-шаға, әйел-еркектер шығады алдынан. Олардың ішінен бір қарт адам апамызға қалшылдаған, еті әбден кеткен, қу сүйек болған, әжім басқан қолымен үлкен кесе толы тарыны ұсынады да: «Осы тары сен жүз жасқа келгенде бітуі керек, соған мөлшерлеп салдым»,- дейді.

- Сол тары толған кесе менің жасаған жасым шығар, - дейді көпті көрген Мағлима апамыз. Содан кейін апамыз маған келесідей батасын берді:

Жарылқасын жанды қылсын,
Қатарыңның алды қылсын,
Не тілесе тілеуін беріп,
Қора толы малды қылсын. Әумин!»

Менің жаңағы түсті жоруым бойынша, Мағлима апамыз жүз жасқа келетін шығар».

Жазып алған
Базарбаева Айжан
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті

Мұсанова Күмісай

«Мұсанова Күмісай, 1915 жылы туған, Кербұлақ ауданы, Бостан ауылының тұрғыны:

- Мен Бостанға бала кезімде ата-анаммен көшіп келгенмін» - деп бастады әңгімесін.

- Бостан басқа ауылдардан шеттеу, тау етегінде орналасқаннан шығар, бұл ауылға көп жерлерден адамдар жан сақтауға көшіп келді ашаршылық кезінде. Ол кезде ауылдың нөмірі ғана бар да, аты жоқ еді. Аласапыран уақытта көшіп келген адам бір-бірін танымайды. Келіп жатыр, келіп жатыр...

Содан аты жоқ ауыл босқан қазақтардың қонысы болып, бара келе Бостан атанды... Қазіргі заманға тәубе, нанымыз бар, қарнымыз тоқ, қайғы жоқ... Ал ол кезде...

Кешке дейін екі көзіміз төрт болып, анамызды күтеміз. Түнге қарай шаршап-шалдығып ол кісі қостан қайтады, онда орақпен астық оратын: соны үгітіп, қойын-қонышына тығып, үйге әкеледі. Түн ішінде бидайды кейде қуырып, кейде қуырмай-ақ төсекте отырып, тығып жейміз. Бар көретін азығымыз сол ғана. Ол кезде ес жоқ қой, картоп салсақ-та болады екен ғой. Қазір ойласам, қандай ақымақ болғанбыз. Көрші Луговое (қазіргі Терісаққан) ауылында орыстар картоп егіп, күнін көрді. Ашыққан адамдар ондап, жүздеп қырылды. Мәйіттерді ауыл сыртына апарып, жарға тастайды, қазірде Бостанның сыртында орналасқан ол жерде жылда жардан ағарып сүйектер шығып жатады... Аштыққа шыдамаған сорлы қазақ өз етін өзі жеген... О,тоба! Құдайым, әрқашан содан сақта! Осы күніңнен айыра көрме! - деп қарт әже діріл қаққан көздеріне жас алды».

Байтемірова Рәзия

Байтемірова Рәзия әженің (1899 жылы туған, 04.09.2004 жылы қайтыс болған) өз аузынан естіген әңгімем.

- Ол уақытта аштықтан бұратылған бала, ана, кәрі қарттың бір ғана арманы бар еді. Ол - бір үзім нан. Дүние, мүлік - ештеңе керек емес, тек қана бір уыс бидай мен бір үзім нанға зәру болды қазақ. Нанға жетпей көз жұмғандар қаншама!

- Есімде, - деп айтушы еді апам, - бір күні жарты ауыл түгел қырылды. Өздеріне ажалды өздері тілеп алды. Далада үлкен бөшкеде қалған солидол майы бар екен, соны көрген аш адамдар жапатармағай қайың талының қабығына жағып жеді. «Қой!» дегендердің тілін алмай, бала-шаға болып тойып жеп жатыр. «Не болса да қарным бір тойсын» - деп бірін-бірі итеріп, құлшынып, сол майға жеткенше асығып, тойып бір жеді. Ертеңгісін іштері күйіп, ыңырсып жатып өлгендері қаншама болды десеңізші... Басынан не өткермеді қазақ. Бәріне шыдап, көнді. Талай қайғылы оқиғаны бастан өткізді. Бүгінде сол кездегі «Босқындардың ауылы» атанған Бостан ауылы елімізге танымал азаматтарын мақтан тұтады. Ауылда небәрі 174 жанұя тұрады. Алайда ақын, депутат, академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттары

Жамбыл Тобаяқов
Бақытжан Тобаяқов
Қасабеков Серікбай
Қасабек Аманжол
Әлмұқамбетов Науханбай
Әбілқасымов Ерасыл
Бұлдыбаев Анарбай
Әлмұқамбетов Сейсекбай

сынды елге танымал ағаларымыз осы кішкентай Бостан ауылынан шыққан».

Нүсіпова Бижамал

«1932-1933 жылдары елді жаппай ашаршылыққа тап қылған қиын-қыстау заман туралы Ескелді ауданы, Шымыр ауылының тұрғыны, 1925 жылы туылған Нүсіпова Бижамал апа былай дейді:

- Елде ашаршылық туып, шешек ауруы ушығып тұрды. Әкемнің Оразқұл деген бауыры осы кезде қадақ (шаншу) ауруынан қайтыс болады. Атам Нүсіп еті тірі, пысық адам екен. Аштан өлмей, күн көру үшін атам барлық ағайын-туыстарын Шымырдан Сағабүйенге көшіреді. Жалпы халықтың халі нашарлап, ашаршылық пен аурудан көп ел өледі, олардың үстіне топырақ үйіп, осылайша көме салады екен.

Осындай жағдай қиындап тұрған уақытта атамның күйеу баласы Қытайға қашуды ұйғарады. Бір түнде ауылдан қашып шығып, Қапал тауының бір сайына қонып, әлгі жерде түйе сойып, етін асып, әрі кетпекші болады, бірақ орта жолда қуғыншылар қуып жетіп, кері қайтарады. Жол жөнекей әкемнің інісі Оразбайдың жас баласы, тағы да екі туысы өледі. Өлген туыстарының балаларын кейінірек апалары бауырына салып асырайды. Өкімет қашқан еркектерді қамауға алып, әйел, бала-шағасын түгел тінтіп шығады. Олардың аяқ киімдерінің табанына тыққан ақшаларын, алтын-күмістерін, сәукелесіне дейін алып қояды. Әйелдерді Сағабүйенге абақтыға отырғызады. Бірнеше күнен кейін босанып, бұлар Шымырға қайтып оралады. Біраз уақыттан соң Оразбай да айдаудан қайтып келеді. Ал Нүсіп атам бір жылдан кейін оралды ауылға. Туысқандар Шымырға келген соң колхозға кіріп, колхоздан бір қой алады, оның сүтін сауып ішеді, өздері Қоғалы жақтағы егіс алқабынан масақ ұрлап күн көреді. Ұстап алса, оны да тартып алып отырған өкімет. Сондықтан да олар теріп әкелген масақтарын жерге көміп, тығып ұстаған, бір уысын алып, бір қазан суға қайнатып ішетін болған. Атам «ашаршылық жылдары кісі етін жеген, антұрған» деп бір кісіге ұрсып отыратын,- дейді қарт әже. Ұлы Отан соғысында Бижамал апаның кіші әкелері мен үлкен ағасы Жандос қаза табады. Бижамал апаны да соғысқа әкетпекші болады. Бірақ атасы жүктің артына тығып ұстап, жібермей алып қалады. Бижамал апаны 1945 жылы еңіретіп, өзінен 20 жас үлкен жездесіне зорлықпен қосады. Сол кісімен отауласып, апамыз 12 баланы өмірге әкеледі. Балаларының 10 тірі қалады. Бижамал апа жас кезінде өте сауықшыл болған екен. Алты колхоз біріккен «Қызыл бұрыш» отауында ойын-сауық құрып, әнші болған. Өмірдің талай қиыншылықтарын басынан өткерген Бижамал апа әлі де өмірден жақсылық тілеп, бала-шағасының ортасында өмір сүріп жатыр. «Үлкендердің сүйегі асыл» дейді ғой, ол кісі де әлі тың, ширақ, балаларының болашағына үлкен үмітпен қарайды».

Жазып алған
Ұлдақан Ажаргүл
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті
... 2 3 4 5  
Кіру Формасы
Жаңалықтар күнтізбесі
«  Октябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031
Іздеу
Сайттың достары
Rambler's Top100