Вторник, 24.10.2017
NAUBET
Сайттың мәзірі
Бағалау
Оцените мой сайт
Жалпы жауабы: 187

Құрметті отандастар!

«Ашаршылық құрбандары» атты қоғамдық қор құру мәселесі бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өзекті күйдірген Ашаршылық нәубетін баршаға жария қылу ісі кейінге қалдыруға еш төзбейді . Бұл Қордың құрылтайшылары қатарына елім деп еңіреген, ұлт тағдырына қабырғасы қайысқан тұлғалар – зиялы қауым өкілдері, бизнесмендер, ел басқарушы азаматтар кіреді деген үміттеміз.

Бәріңізді де аталмыш қоғамдық Қордың Қатысушылары және мүшелері қатарына кіруге шақырамыз.

Қазақ халқының ХХ ғасырда бастан кешірген талай зұлмат пен нәубеттің ең ауыры 1931-33 жылдардағы болған Ашаршылықта әртүрлі деректер бойынша халқымыздың 50-ден 75 %-ке дейіні қырылған, ал бұл дегеніңіз 2-4 миллион адамдай. Ашаршылықта жақынын жоғалтпаған бір де бір қазақ жоқ та шығар, ондай зобалаңды Сіздің де ата-бабаларыңыз бастарынан өткерген де болар...

Алайда бұл қасірет бүгінгі күні біздің назарымыздан тыс қалып отыр, Ашаршылық туралы тіс жарып, елге аян жасап жатқандар бірлі-жарым ғана: ғылыми зерттеулер, көркем шығармалар мен деректі фильмдер саны азын-аулақ, ол туралы бірде-бір көркем фильм түсірілмеген, картина жазылмаған, мүсін сомдалмаған, елді мекендерде жазықсыз қырылғандарды қадір тұтатын ескерткіштер мен белгілер де санаулы ғана, қара жамылып, аза тұтып, құрбандық шалып, Құран бағыштап, оларды еске түсіретін белгіленген күн де жоқ.

Жазықсыз қырылғандар бүгінгі күні ескерусіз, жоқтаусыз және жоқтаушысыз қалды десек те болады...

Бірақ олардың қасіреті мен жапа шеккендігі, төгілген қаны мен көз жасы, кеудеден жазықсыз ұшқан жандары мен қыршынынан үзілген өмірлері бізді – олардың бүгінгі ұрпағын – алысқа жіберер ме екен?! Олардың обалы бізге қалмас па екен?! Өткен күннің қасіретін еш елемей, біз қалайша тыншып, қаннен-қаперсіз өмір сүре алады екенбіз?! Ертеңгі күнгі ұрпақ біздің әрекетсіздігімізді, бүткіл иісі Алашқа, бүкіл Әлемге бұл қасірет туралы жар салмай отырған немқұрайдылығымызды түсінер ме екен, кешірер ме екен, ағайын?

Өткен күндердің қасіретін жария жасау ісі мұқалып қалған ұлттық рухымызды жандандыруға, асқақтатуға аз да болса септігін тигізер деген үміттеміз.

«Ашаршылық құрбандары» Қоры Ашаршылық нәубетін халық жадында мәңгілік сақтау, бұл қасіретті бүкіл адамзатқа жариялау ісін өзінің мақсат-мұраты ретінде тұтады.

Ол үшін келесі әрекеттерді жүзеге асыру жоспарланып отыр:

1. Әр облыстағы мектеп оқушыларын, колледж және жоғарғы оқу орындарының студенттерін, зиялы қауымды ашаршылық тақырыбында мәлімет жинау ісіне ұйымдастырып, олардың экспедицияларын қаржыландыру.

2. Әрбір қала және аудан әкімшіліктерінің оқу ісі бөлімдерінің қолғабысымен барлық мектептердің ұстаздары және оқушыларын «Менің жанұям ашаршылық жылдары» және «Біздің ауыл ашаршылық жылдары» атты зерттеу жұмыстарын жазуға ынталандыру және олардың нәтижелерін кітап (кітаптар сериясы) қылып басуды қаржыландыру.

3. Ашаршылық туралы ғылыми зерттеулерді ынталандыру, оларды жарыққа шығаруды қаржыландыру.

4. Ашаршылық туралы көркем шығармалар (әдебиет, сурет, мүсіндеу, музыка салаларында) жазуды, деректі және көркем фильмдер түсіруді қаржыландыру.

5. Әрбір ауылда ашаршылық құрбандарына ескерткіш қою мәселесін жүзеге асыру.

6. Бір күнді «Ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп атап, оны парламент арқылы атаулы күндер тізіміне енгізу.

7. Интернетте Ашаршылыққа арналған сайт ашып, оның жұмысын қаржыландыру.

8. Ашаршылыққа арналған ғылыми конференцияларды ұйымдастыру және қаржыландыру.

9. Орта мектеп және жоғары оқу орындары бағдарламаларына «Ашаршылық» пәнін кіргізу мәселесімен айналысу.

10. Астана қаласы маңында Ашаршылық құрбандарына арналған мемориалдық кешен ашу (Тель-Авивтегі Яд Вашем секілді) мәселесімен айналысу.

Адамзат тарихын екі кезеңге бөлуге болатын сияқты: сөз заманы және әрекет заманы. Сөз заманы әлдеқашан өтіп, әрекет заманы туған бұл күнде. Әрекетке ниеттелейік, алда атқарылатын іс аз емес!

Сол себепті де ашаршылық нәубетін еске алу ісіне атсалысайық, жүрегі «Мен – қазақпын!» деп дүрсілдеп соққан ағайын!

Егерде бұл ұсынысты қабыл алып, қарсылық білдірмесеңіздер, мына электронды адрес пен телефондар бойынша өз келісімдеріңізді беруге болады:

Ұйымдастыру комитеті

«Ашаршылық құрбандары» қоғамдық Қорының

ЖАРҒЫСЫ

1.Жалпы жағдайлар

1.1«Ашаршылық құрбандары» қоғамдық Қоры (бұдан әрі «Қор») Қатысушылар жиналысының шешімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңы негізінде құрылды.

1.2 Қор Қазақстан Республикасының заңнамаларына қайшы келмейтін, азаматтар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi жоқ коммерциялық емес ұйым болып табылады.

1.3 Қор бiр отбасының мүшелерi болып табылмайтын жеке адамдардың құрған қоғамдық Қоры болып табылады.

1.4 Қордың толық атауы: «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық Қоры».

1.5 Қор өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiн және Қазақстан Республикасының «Комерциялық емес ұйымдар туралы» Заңын басшылыққа ала отырып жүзеге асырады.

1.6 Құрылтайшылар (әрi қарай-қатысушылар):

- Әлімов Асхат Қамзаұлы , жеке куәлік № 015082676, ҚР ІІМ 10.11.2003 жылы берілген, мекен-жайы: ТалдыҚорған қаласы, «Ғарышкер» шағын ауданы, 24 үй, 42 пәтер.

1.7 Заңды тұлғаның орналасқан жері: 040000, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, ТалдыҚорған қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 77 үй.

1.8 Қызмет мерзімі : шектелмеген.

1.9 Меншік түрі: жеке.

2.Заңды статусы

2.1 Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес Қор мемлекеттік тіркелген сәттен бастап заңды тұлға болып табылады, өзiн-өзi қаржыландыруды қолданады, оның дербес мүлкi, дербес балансы, есеп-шоты, өзiнiң атауы мен дөңгелек мөрi, эмблемасы, фирмалық бланкiсi, басқа да реквизиттерi болады. Қор өз атынан келiсiм-шарт жасайды, мүлiк алуға құқылы және оған өзiнiң жеке құқығы мен мiндеттерi де бола алады.

2.2 Қор өзінің жаупкершiлiктерi бойынша барлық мүлiктерiмен жауап бередi. Қатысушылардың өз борыштары бойынша Қор жауап бермейдi.

2.3 Қатысушы Қор мiндеттерi бойынша жауап бермейдi және Қор қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi.

3.Қордың мақсаты мен қызметi

1 Қор миссиясы: - 1931-33 жылдарда болған Ашаршылық нәубетін халық жадында мәңгілік сақтау, бұл қасіретті бүкіл адамзатқа жариялау ісімен шұғылдану; - әлеуметтiк, мәдени, ғылыми, бiлiм беру, қайырымдылық, басқару мақсаттарына қол жеткiзу;

- азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн Қорғау; - азаматтардың рухани және өзге қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; - азаматтардың заң көмегiн көрсету үшiн, сондай-ақ қоғамдық игiлiктердi және өз қатысушыларының игiлiктерiн қамтамасыз ету.

Аталған мақсаттарға жету үшін Қор төмендегідей негізгі қызметтерді орындайды:

- әр облыстағы мектеп оқушыларын, колледж және жоғарғы оқу орындарының студенттерін ашаршылық тақырыбында мәлімет жинау ісіне ұйымдастырып, олардың экспедицияларын қаржыландыру;

- әрбір қала және аудан әкімшіліктерінің оқу ісі бөлімдерінің қолғабысымен барлық мектептердің ұстаздары мен оқушыларын «Менің жанұям ашаршылық жылдары» және «Біздің ауыл ашаршылық жылдары» атты зерттеу жұмыстарына ынталандыру, осындай әрекеттерді ұйымдастыру;

- «Менің жанұям ашаршылық жылдары» және «Біздің ауыл ашаршылық жылдары» атты зерттеу жұмыстарын, ашаршылық туралы басқа да зерттеулерді, оларды кітап (кітаптар сериясы) қылып басуды қаржыландыру;

- Ашаршылық туралы көркем шығармалар (әдебиет, сурет, мүсіндеу, музыка салаларында) жазуды, деректі және көркем фильмдер түсіруді қаржыландыру;

- әрбір ауылда ашаршылық құрбандарына ескерткіш қою мәселесін жүзеге асыру;

- бір күнді «Ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп атап, оны оны парламент арқылы атаулы күндер тізіміне енгізу;

- интернетте Ашаршылыққа арналған сайт ашып, оның жұмысын қаржыландыру;

- ашаршылыққа арналған ғылыми конференцияларды ұйымдастыру және қаржыландыру;

- Астана қаласы маңында Ашаршылық құрбандарына арналған мемориалдық кешен ашу (Тель-Авивтегі «Яд Вашем», Петербордағы Пискарев зираты секілді) мәселесімен айналысу;

- Қазақстан Республикасының пайдаланып жүрген заңдарына қарсы келмейтiн қызметтiң түрлерімен айналысу.

Қор заң актiлерiнде көрсетiлген тiзiмге сәйкес тек қана лицензия алғаннан кейiн қызметтiң кейбiр түрлерiмен шұғылдануына болады.

4 Қорға қатысу

4.1 Қордың қатысушысы болып, Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған, Қордың жарғысын қабылдаған, Қор қызметіне қатысатын, жарналық салым төлейтін азаматтар бола алады.

4.2 Қорға қатысу өз еркімен жүргізіледі.

4.3 Қорға қатысу жоғары органға берілген жеке дара жазбаша арызы бойынша жүргізіледі.

4.4 Қор қатысушысы болып жалпы жиналыс мүшелікке қабылдаған күннен бастап саналады.

4.5 Қордың қатысушысы Қор құрамынан өз еркімен арызы бойынша немесе жалпы жиналыстың шешімімен шығарылады.

5 Қордың құқықтары мен міндеттері

5.1 Қор өз құқықтары мен міндеттерін басқару органдары арқылы қабылдайды, Қазақстан Республикасының заңдары мен осы жарғыда берілген өкілеттік бойынша құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырады.

5.2 Жарғылық мақсаттарды жүзеге асыру үшiн Қор төмендегілерді жүзеге асыруға құқылы:

- заңдарда белгiленген тәртiппен банктерде шоттар ашуға;

- мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде ұйымның толық атауы бар мөрi, мөртабаны және бланкiлерi, сондай-ақ белгiленген тәртiппен тiркелген эмблемасы (нышаны) болуына;

- меншiгiнде немесе оралымды басқаруында оқшауланған мүлкi, сондай-ақ дербес балансы немесе сметасы болуға;

- мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды иемденiп алуға және жүзеге асыруға;

- егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, басқа заңды тұлғалар құруға;

- филиалдар мен өкiлдiктер ашуға;

- қауымдастықтар мен одақтарға кiруге, сондай-ақ олардың қызметiне қатысуға;

- жарғыда көзделген мақсаттарды жүзеге асыруға қаражаттарды пайдалануға;

- сотта талап қоюшы және жауапкер болуға;

- Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

2.Қор:

- Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға;

- белгiленген тәртiппен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуге;

- өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен жауап беруге;

- Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапкершiлiкте болуға мiндеттi.

6. Қорды басқару құрылымы, тәртібі және құзіреті

6.1 Қорды басқару органдары құрылтай құжаттарына сәйкес мыналар болып табылады:

- жоғары басқару органы қатысушылардың Жалпы жиналысы – Қор қызметiнiң кез келген мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдауға құқылы;

- басқарудың атқарушы органы - Қор директоры - Қордың құрылтай құжаттары мен жоғары басқару органының ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоспағанда, Қор қызметiн ағымдағы басқаруды жүзеге асырады, жоғары басқару органына есеп бередi;

- Қордың басқару органы сайлайтын Тексеру комисиясы Қордың қызметіне бақылау жасайды. Қатысушылар Кеңесі Тексеру комиссиясын үш жылға сайлайды.

Комиссия мүшелері төраға мен оның орынбасарын сайлайды. Тексеру комиссиясы қаржы және материалдық қаражаттардың келуіне және жұмсалуына бақылау жасайды. Тексеру комиссиясының отырыстары жылына кем дегенде бір рет өткізіледі. Қордың қызметінің қаржы бөлігіне бақылау жасау Қатысушылар Кеңесінің шешімі бойынша тәуелсіз аудиторлық фирмаға берілуі мүмкін.Тексеру комиссиясының немесе аудиторлық фирманың жүргізген тексерулерінің нәтижелері Қордың Қатысушылар Кеңесіне бекітуге беріледі.

6.2 Қорды жоғары басқару органының ерекше құзыретiне:

- Қордың құрылтай құжаттарын қабылдау, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;

- Қорды ерiктi түрде қайта ұйымдастыру және тарату;

- Қордың басқару органдарының құзыретiн, ұйымдық құрылымын, оларды құру және өкiлеттiктерiн тоқтату тәртiбiн айқындау;

- атқарушы органдардың қаржы есептемесiн табыс етуiнiң тәртiбi мен мерзiмдiлiгiн, сондай-ақ бақылау органының тексеру жүргiзу тәртiбiн және олардың нәтижелерiн бекiтудi айқындау;

- заң актiлерiнде белгiленген шекте Қордың басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз филиалдары мен өкiлдiктерiн құруы немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау мәселелерi жатады.

Жоғары басқару органының ерекше құзыретiне заң актiлерiне сәйкес Қордың құрылтай құжаттарымен осы Қор қызметiнiң басқа да мәселелерi жатқызылуы мүмкiн.

6.3 Қор өзiнiң жоғары басқару органының мүшелерiне, жоғары басқару органының жұмысына қатысуына тiкелей байланысты шығыстардың өтемiн қоспағанда, өздерiне жүктелген мiндеттердi олардың орындағаны үшiн сыйақы төлеудi жүзеге асыруға құқылы емес.

6.4 Қордың кезекті жалпы жиналысы жылына 1 рет өткізіледі. Қордың кезектен тыс жалпы жиналысы ұйымдастырылуы мүмкін.

6.5 Жалпы жиналыстың өтетіні туралы бірлестіктің қатысушылары жиналыстан үш күннен бұрын хабардар етілуге тиіс.

6.6 Қор қатысушыларының жалпы жиналысы оған Қор қатысушыларының 80 пайызы қатынасқанда құқылы деп саналады. Жиналысқа қатысқан Қор мүшелерінің жартысынан көбі дауыс берсе, жалпы жиналыстың шешімі қабылданды деп саналады.

6.7 Қордың атқарушы органы - Қор директоры Қордың жоғары басқару органының және тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы басқару органының (Қамқоршылық кеңестiң) шешiмдерi негiзiнде және оларды орындау мақсатында жұмыс iстейдi және соларға есеп бередi. Қор директоры жалпы жиналыстың шешімімен 2 жыл мерзімге сайланады.

6.8 Қор директоры мен мүшелерi Қордың құрылтай құжаттарын, Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiн бұза отырып өздерi қабылдаған шешiмдерiнiң салдарынан келтiрiлген шығынның орнын бiрлесе толтыруға мiндеттi. Мұндай шешiм қабылданған кезде қарсы дауыс берген, қалыс қалған немесе отырысқа қатыспаған адамдар шығынның орнын толтыру мiндетiнен босатылады.

6.9 Қордың директоры мен бухгалтерi некеде тұрумен, жақын туыстықпен немесе жекжаттықпен байланыспаған бөлек адамдар болуы тиіс. Бiр адамның екi қызметтi қатар iстеуiне болмайды. Директор құрылтай құжаттарының, Қорды басқару органының шешiмдерi негiзiнде Қордың атынан мәмiлелер жасауға құқылы. Қор директорының сотта, мемлекеттiк органдарда, сондай-ақ ұйымдарда Қордың атынан сенiмхатсыз өкiлдiк етуге құқығы бар.

6.10 Тексеру комиссиясына есептің туралығы туралы, Қор қызметінің заңға, осы Жарғыға, келісім шарттарға сәйкестігін анықтау функциясы берілген.

6.11 Тексеру комиссиясының құрамына үш мүше кіреді, олар Қор Қатысушыларының жалпы жиналысымен 2 жыл мерзімге сайланады.

7. Қордың мүлкі және қаржысы

7.1 Қорды мүлкі төмендегілерден құралады:

- қатысушылардан түскен түсiмдер;

- ерiктi мүлiктiк жарналар мен қайырмалдықтар;

- заңдарда белгiленген жағдайларда тауарлар сатудан, жұмыстардан, қызмет көрсетуден түскен түсiмдер (кiрiс);

- акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар және салымдар (депозиттер) бойынша алынған дивидендтер (кiрiстер, сыйақы );

- заңмен тыйым салынбаған басқа да түсiмдер, заң актілерiне сәйкес, Қордың мүлкін ақшалай және өзге де нысандардағы құрау көздерi болып табылады.

7.2. Қордың мүлкiн, ақшалай нысаннан басқа, заттай және өзге нысандарда құрауға қатысушылардың салымдары барлық қатысушылардың келiсiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiшке тең сомадан асып кетсе, оны бағалауды аудиторлық ұйым растайды.

7.3 Қорға оның қатысушылары берген мүлiк Қордың меншiгi болып табылады. Қор қатысушыларының Қордың мүлкiне мүлiктiк құқығы жоқ және оларды мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн (3 ай бойы себепсіз жағдаймен мүшелік жарнаны төлемесе, Қорқатысушысы өзінің әрекетімен Қорға немесе оның мүлкіне шығын әкелсе) қатысушылардың жалпы жиналысы Қордан шығаруы мүмкiн.

7.4 Қор екі жылда бір рет мерзiмде қаржы қызметiн тексерудi жүзеге асыруға мiндеттi. Тексерудi тексеру комиссиясы жүзеге асырады.

7.5 Қор жыл сайын ресми басылымдарда өз мүлкiн пайдалану туралы есептi жариялауға мiндеттi.

7.6 Кәсіпкерлік қызметтен түскен пайда қатысушылар арасында бөлінбейді, ол жарғылық мақсатқа жетуге жіберіледі.

8. Қор филиалы

8.1 Қазақстан Республикасының заңдарына сай Қор өзінің оқшау бөлімшесін аша алады.

8.2 Қордың тұрған жерінен тыс орналасқан және оның міндеттерінің бәрін немесе бір бөлігін жүзеге асырушы оқшау бөлімшесі филиал болып табылады.

8.3 Филиалдар заңды тұлға болмайды. Оларға Қор мүлкі беріледі және оның бекіткен ережелері негізінде жұмыс істейді. Филиал мүлкі Қордың және филиалдың жеке балансында есептеледі.

9.Әлеуметтiк және еңбек қатынастары.

9.1 Қор мен оның қатысушысының, Қор мен үшiншi жақтың және еңбек ұжымының арасындағы қарым-қатынастың тәртiбi және мiнез-құлқы нақты еңбек және шаруашылық келiсiмдерде анықталады.

9.2 Қор жұмысшыларды жеке еңбек келiсiм шарттарының негiзiнде жұмысқа алуға құқылы.

9.3 Әлеуметтiк, медициналық сақтандыру Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

9.4 Жұмыс кестесi жоғарғы органның шешiмiмен еңбек заңына сәйкес тағайындалады.

9.5 Қор еңбекке ақы төлеудiң нысандарын, жүйелерiн, көлемi мен түрлерiн өз еркiмен белгiлейдi, еңбек шартында тарифтiк ставка мен қызметтiк жалақыны қарастырады, сондай-ақ ынталандыру үшiн қосымша ақы, үстеме төлемдер, сыйлықтар, материалдық көтермелеудiң басқа да формалары негiзделедi.

9.6. Қор мен еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін штаттағы қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру заңнамасы және басқа құқықтық актiлерi арқылы реттеледi.

10 Өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

10.1 Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты Қордың кез келген қатысушысы ұсына алады.

10.2 Өзгерістер мен толықтырулар Қордың жалпы жиналысының шешімімен енгізіледі.

11 Қайта ұйымдастыру және тарату

11.1 Қор Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңда, басқа да заң актiлерiнде көзделген тәртiппен қайта ұйымдастырылуы мүмкiн.

11.2 Қорды қайта ұйымдастыру қосу, бiріктіру, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру нысанында және заңдарда көзделген басқа да нысандарда жүргiзiлуi мүмкiн.

11.3 Қор, бiрiктiру нысанындағы қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, жаңадан пайда болған ұйымның (ұйымдардың) мемлекеттiк тiркеуден өткен кезiнен бастап қайта ұйымдастырылған болып есептеледi.

11.4 Қор Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңда және басқа да заң актiлерiнде көзделген негiзде және тәртiппен ерiктi түрде (оның мүлкiн иеленушiнiң немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның шешiмi бойынша, сондай-ақ бұған құрылтай құжаттарында уәкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының шешiмi бойынша) және мәжбүрлеп (сот шешiмi бойынша) таратылуы мүмкiн.

Кіру Формасы
Жаңалықтар күнтізбесі
«  Октябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031
Іздеу
Сайттың достары
Rambler's Top100