Вторник, 24.10.2017
NAUBET
Сайттың мәзірі
Бағалау
Оцените мой сайт
Жалпы жауабы: 187

Құрметті оқырман!

Бұл бетке әр жылдары Ашаршылық туралы жазылған кітаптарды, көркем шығармаларды, жарияланған баспасөз материалдарын жіберуіңізді өтінеміз!

1987 жылғы жариялылық кезеңінен бастап орталық газет-жорналдарда, әсіресе аудан, қала, облыс газеттерінде басылған мақалалар мен материалдар аз емес.

Міне сол басылымдарды ұмыт қалдырмай, осы сайтта біріктіріп, жүйеге келтіру мақсатында біздің сайтқа жіберулеріңізді өтінеміз.

Бірінші кезекті өзімнен бастайын деп, осыдан бес жыл бұрын жазған әңгімемді ұсынамын. Әңгіме негізінде марқұм әкемнің өмірі жатыр.

РЕДАКТОР

Асхат Әлімов

Марқұм әкем Қамзаның әруағына арнаймын

ЖОЛСЕРIК

Шал божыны анда-санда сiлкiп қояды... Күрең ат шыбындап, басын шұлғи, өгiз аяңмен iлби басады. Киiзбен күптелген ершiктiң асты қошқылданып тершiген. Күн шыжғырып барады. Жолдың бiр қалыпты бүлкегi Миратты шаршата бастады. Көз тастам жердiң бәрi де селдiр селеу мен сидиған ермен, көгiлдiр жұқа жапырақтары бiр буда түтiнге ұқсаған жиде өскен аласа адыр, жоталар. Шал әлi де сөйлеп келедi, үнi бiр қалыпты, баяулау не екiлену дегендi бiлмейдi. Құдды өзiмен-өзi сөйлескендей.

- Осы жолмен отыз екiншi жылы Шамалған стансасына шығып едiк, ашаршылықтан қашып... Бiздiң үй түгелiмен үдере көштiк. Қырғыз жақта ел тоқ деп естiп, әкем марқұм: «Ауылда аштан бүгiлгенше, сол жақтан қорек табайық»-, деп жолға жинады бәрімізді... Күздiң қара суығы... Жаяу шықтық. Малдың бәрiн колхоз тауысқан, қалғанын жеп бiткенбiз. Ол кезде кеудесінде қыбырлаған жаны қалғандар қолдарына шелек ұстап, осы бөлдектерге шығып кеткен... Ол неге десең, iнiне су құйып сарышұнақ ауладық емес пе...

Шалдың әңгiмесiне емiс-емiс құлақ түрiп отырған Мират:

- Бiздiң жақта да ондай болған екен...- дедi.

Шал естімеді.

- Бiр күн жүрiп, әрең жеттiк темiр жолға. Жарым түнде әкем бiр орыстарға ақша берiп жүрiп, әрең дегенде тиелдiк қой бiр жүк пойызына. Қолымызда дәнеңе де жоқ, еденде жаттық. Кiшi әкемнiң жесiрi Дүрияның шешеме айтқан сөзi сонда есiмде қалыпты: «Секер жеше-ау, тамның iргесiнде бiр дорба алтын-күмiс қалды ғой көмулi!» деп... Кейiн бiлдiм: елде тiнту жүре бастағанда, кiшi шешем үйдегi барлық сақина, бiлезiк, шолпы, сырғаларды жинап алып, жасырып қойған екен... Қайдағы алтын, жан сауға едi ғой ол кезде!..

...Ауада еш қозғалыс жоқ,тымырсық.Шошақ басты сорайған қамыстар селк етпейдi,тек арбаның сықыры мен күреңдi торыған шыбындардың ызыңы, әуеде безек қаққан бозторғайдың шырылы ғана. Айнала түгел жым-жырт, мүлгiген баябан дала меңiреу. Төбедегi көк ғарыш та немқұрайды, бей-жай...

- Үш күнде әрең қырғыздың Тоқмақ деген қаласына келдiк, әйтеуiр. Жол жөнекей азын-аулақ алып шыққан нанды қореқ еттiк, далаға бой да көрсеткен жоқпыз қорқып: бiреу-мiреу түсiрiп тастай ма деп пойыздан... Мен ұйықтай алмаймын, қарным аш. Ол кезде сегiзден асып, тоғызға кеткен шағым ғой. Қыңсылап, әкемнiң бауырына тығыла берем, әкем кейде ешкiмге көрсетпей бiр жапырақ нан берiп қояды. Нанынан да үмiттiмiн, қорыққаннан да айналшақтаймын. Әкем марқұм өзге балалардан ерен көрушi едi менi. Өзiмнен екi жас кiшi қарындасым бар болса да, мен ыстық едiм оған... Әйт,шу, жануар!

Шал делбенi жұлқып қалды. Күрең ат желе жөнелгендей болды да, біраз шоқытып, бағанағыдан созып келе жатқан дiмкес әуенiне қайта оралды: басын шұлғи, асықпай, аяңдай бердi алға қарай.

Мират қасында отырған шал жаққа, неге екенiн өзi де бiлмейдi, көз тастауға сескеніп отыр. Аспанға қарады: күн сәске тұсқа көтерiлiп қалыпты. «Сағат он екiден асқан шығар»,- деп жорамалдады, бiрақта қолындағы сағатына қарауға, неге екенін өзі де білмейді, ұялды.

- Ақсақал, атыңыз кiм болады?

Шал сәл үндемей отырды да:

- Қамбар, - дедi.

Сонан соң дауысын сәл көтерiңкiрей ыңылдап кеттi:

- Есiмiм - Қамбар, сұрасаң менiм жайым,

Қарғалы мен Майбұлақ мекен-жайым,

Сергелдең кешiп, тас бұғау құрсанғанмен,

Тәңiрге тәубешiлiк етем дәйiм...

- Е,шырағым- ай, ә! Кештiк қой талай нәрсенi бастан... Өткен нәрсе ылғи қасыңда жүредi емес пе? Ұмыта алмайсың да, одан қашып құтыла алмайсың да... Өзiңмен бiрге көрге алып кететін шығарсың...

- Отағасы, жасыңыз нешеде?- деп сұрады Мират. Даусы бұрынғыдан жұмсақтау шыққан болып көрiндi өзiне.

- Жетпiс жетiдемiн. Жиырма үшiншi доңыз жылымын ғой... Шу, қасқа!- деп атын тағы да бiр шоқытып алды да.

- Әкем марқұмның жасынан асып кеттiм емес пе...Ол кiсi елу тоғызында қайтыс болған едi...

- Бағанағы әңгiмеңiздi жалғастырмадыңыз ғой! – Мират расында да ыстық өтiп кеткендей өзiн бiртүрлi сезiнуде болды. Шал жөткеңкiреп, тамағын бiр қынап алды да, баяғы асығысы жоқ баяу қалыппен әңгiмесiн жалғап кеттi.

- Тоқмаққа келiп, стансадан түссек, бұл жерде де өлiп, әр жерде теңкиiп жатқан қазақ. Стансаның алдында шайхана бар екен, сол жерден шешемнiң қолындағы бiр алтын сақинасын берiп, нан алып, жүрек жалғадық. Әлi есiмде, шайхана есiгiнде отырған қарындасым шамалас бiр қазақ қызының маған телмiрiп қарағаны. Қасында бiреу сұлап жатты: шешесi ғой деймiн, өлi-тiрi екенiн адам бiлмейдi. Шешем менiң жүзiмдi ол қыздан бұра бердi, ал мен, неге екенiн бiлмеймiн, оған бажырая қарай бердiм, қарай бердiм. Стансадан кетiп бара жатып та әкемнiң қолынан ұстаған қалпы артыма қарай бердiм...

Жол алдағы биiктеу жотаға бет алған соң, шал атын тоқтатып, арбадан түстi де:

- Мына шiркiн бүл төбеге шыға алмас, жаяу жүрейiк. «Жаман атқа қамшының сабы да ауыр» деген емес пе,- деп күлдi.

Мират жаяулата алға адымдады, жолдың ернеуiндегi құм аралас жұмсақ топырақ бор секiлдi аяқ астында үгiтілiп, опырыла бередi. Ол шеткері шығып, жолсызбен жүрдi. Аяқ асты жұмсақ, бейне бiр қалың түктi кiлеммен келе жатқандай болып көрiндi оған. Шал ауыздықтан алып, күреңнiң қасында асықпай адымдап келе жатыр. Әлi де сөйлеп келедi, дауысы манағыдай емес, ендi талмаусырап жетедi Миратқа:

- Содан не керек, Тоқмақта алты айдай өлiмге күнде барғандай болып итпектедiк емес пе?! Қаланың сыртындағы бiр сайда иелерi тастап кеткен кiшкене үйшiктi мекендедiк, есiк-терезесiн алашамен бүркеп тастап. Үлкен ағаларым Мұғали мен Аббас қамыс орып, базарға апарып, солардың тапқан-таянғанына нан сатып алып жүрдiк... Әкем марқұм қатты шөгiп кеттi, қажыған, әлсiреген. Күн ұзақ телмiрiп қана жатқаны сыз еденде. Елдi ойлап, сағынатыны ғой деп ойлаймын қазiр...

«Мына шалың iшiне симай жүрген хикаялардың бәрiн кездейсоқ жүргiншi маған нелiктен ағынан жарылып айтты екен? Менiң тыңдап, я құлақ түрмей отырғаныммен шатағы да болмады емес пе? Маған нақыл айтып, үйретейiн деген ойы да жоқ сияқты: өзiне-өзi айтып келе жатқандай. Бәлкiм, бұрыннан жегiдей жеп жүрген шығар сол өткен күндер»...- деп ойлады Мират шылымын тұтатып.

Қазiр ғана байқады: ақсақал орта бойлыдан сәл аласалау, бiрақ дене бiтiмi тығыз, әлi де суала қоймаған сияқты, аяқ сiлтесi де мығым, шау тартқандарға тән әлжуаздық бiлiнбейдi. «Бұны жетпiс жетiге келдi деп кiм айтар? Оның жасына жетсек, шашылып қалармыз»,- деп ерiксiз мойындады iштен Мират.

- Отыз үшiншi жылдың наурызында бiзге де хабар жеттi: «Калашокиндi орнынан алып тастапты, Қазақстанға ендi Мырзажан деген басшы болыпты. Ел есiн жия бастапты, аузы аққа, қолы нанға тиiптi»,- деп. Ағаларым «қайтамыз» дедi. Шешем марқұм: «Әкелерiң алыс сапарға шыдай алар ма екен? Кiшi балалар мен мына жеңгелерiң де әлсiз»,- деп күмән бiлдiруде болды. Жолды жаяу кешу керектi, өйткенi пойызға күздегiдей ақша да, алтын да жоқ... Тәуекелге бел байлап, Жаратқанға сиынып, шықтық ұзақ жолға...

Шылымның ащы түтiнi Мираттың көмекейiне кетiп қалғандай болып, ол біраз жөткерiңкiредi. Содан соң темекiнiң тұқылын алға қарай шерте лақтырып жiбердi де, iле-шала табанымен жаныштап өттi. Ол шығуға асыққан төбенiң үстiнен тауды сағалаған ауыл да, шөккен бураға ұқсас тау сiлемдерi де айқын көрiндi. Ақсақал атын тоқтатты да, қалпағын шешiп, маңдайындағы шып-шып шыққан тер моншақтарын алақанымен сүрттi де:

- Мiне, батырым, бiздiң ауылдың төбесi де көрiндi. Қазiр ана белден асып, төмен түсемiз де, шеткi көшеге кiремiз,- деп қуана сөйледi. Шал дән риза сияқты ауылын көргенiне, құдды ұзақ сапардан кейiн оралғандай. Мана өзi емес пе едi таңғы алтыда қоймен бiрге жолға шықтым дегенi...- Ал ендi қайта отырдық мына қасқаға!- деп ақсақалың бiрiншi болып дөңгелекке аяқ салып, арбаға «Әупiрiм, Алла!» деп көтерiлдi.

Шал ендi ыңылдап, ән тербеткендей болып келедi, жан-жаққа көз жүгiртiп, айналаны қызыға тамашалағандай. Мират тағы да бiр темекiнi тұтатты. Қою түтiндi құшырлана сорды. Жаңағы әңгiменiң аяғын бiлгiсi келдi, бiрақ «Әрі қарай жалғастырыңыз» деп айтуға, неге екенiн өзi де бiлмейдi, дәтi шыдамады. Өзiне-өзi ызаланып отырды да қойды. Бiр-екi рет оқталып едi, алайда шалдың езуiне үйiрiлген күлкiнi көрiп, батпады...

Ауылдың iшi тып-тыныш. Бұлар ауылдың шетіндегі сыртын жақында ғана әктеген үйдiң маңына тоқтады.

- Бiздiң үй осы, шырақ, - дедi шал.- Үйге түскiн, қонақ бол, балам!

Мират пенжегiн арбадағы шөптiң үстiнен алып жатып:

- Рахмет, ақсақал!- деп иiлдi.- Жұмысым көп, қараңғы түспей атқарып, бүгiн-ақ қайтып кетсем деп едiм Алматыға. Өзi де көп уақытымды жоғалтып алып едім...

Шал мұны үгiттеп жатпады:

- Жақсы, жiгiтiм, онда... Сенiң iздеген үйiң келесi көшемен қиылысар тұста, әне, - қолын шошайтып көрсеттi, - қызыл қаңылтыр шатырлы үй!- деп жөн сiлтедi

- Қайыр, қош боп тұр, қалқа!- деп қол берместен Мираттың жолсерiгi кiлт бұрылып, қақпадан арсалаңдап жүгiрiп шығып, атасын құшақтай алған он бір-он екі шамасындағы қара домалақ балаға қолындағы дорбасын ұстата бердi.

Олардың шүйiркелесе жарасқан ым-дымдарына құлақ салмастан Мират әлгi көрсеткен үйге қарай асыға адымдай жөнелдi...

«Бүгiнгi күннiң шынында да ешке кетiп, мән-мағынасыз болғаны ма? Жоқ, әлде мен үшiн бiр кәдеге жарар ма екен?»

Кiм бiледi...

2002 жыл
1 2 3
Кіру Формасы
Жаңалықтар күнтізбесі
«  Октябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031
Іздеу
Сайттың достары
Rambler's Top100