Вторник, 24.10.2017
NAUBET
Сайттың мәзірі
Бағалау
Оцените мой сайт
Жалпы жауабы: 187

Худайбердиев Мөрдін

Менің ауылым Садыр Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласынынан 18-20 км қашықтықта орналасқан. «Менің ауылым ашаршылық жылдарында» тақырыбындағы әңгімені жазу үшін мен Садыр ауылының тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері, 1920 жылы туылған Худайбердиев Мөрдін атамен кездесіп, сол атаның келесі сөздерін жазып алып едім.

- Менің ол кезде бала кезім. Бірақта ауыл адамдары басына түскен қасіретті бала болсақ та сезіндік, қиыншылықтарға ата-анамызбен бірге жанымыз күйзелді. Ол кезде Садыр ауылында көбінесе ұйғырлар ғана тұратын. Ашаршылық жылдарында біздің ауылға қазақтар көшіп келе бастады. Олардың түрінен адам қорқады. Жүдеп-жадап кеткен. Кейбіреуінің балалары, туыстары, үлкендері жолды көтере алмай, аштыққа шыдамай, жолда қайтыс болған. Сөйтіп қазақ ағайындар біздің ауылдан қоныс тепті. Біреулері ауқаты барлардың жұмысын істеп, басқалары малын бағысып, ақысына бидай, тары сияқты азық алып отырды. Кейбіреулері қурай теріп, соны ауылда сататын, сатады деймін-ау,- айырбастайтын. Айырбасқа кішкене тары немесе жан жалғайтын сүт, айран ішетін. Әрине оларға төлейтін ақша ешкімде жоқ. Сондықтан өзінен жырып, кішкене болса да жейтін асын ұсынып отырды ел.

Анамыз жұмыстан келгенде, бізге қойнына тыққан дорбасына салып алған бидайдың қалдықтарын әкеп беретін. Соны қуырып, жан жалғайтынбыз. Ол кезде бір-бірімізге деген аяушылық, адамгершілік, ізгілік, жанашырлық, бауырмалдық сезімдеріміз шыңдалған тұс еді. Кішкентай бір нәр болса да бөлісіп жеуге асығатынбыз. Ашаршылық бізді жақындастыра түсті. Жақыныңның қадірін біліп, ата-анаңа деген құрмет сезімі арта түскен еді сол кезде. Титтей де болса бір дән немесе кішкентай да болса бір үзім нан бізге үлкен демеу еді. Осы қиыншылықты, ашаршылықты жеңіп күнімізді - күнге жалғап, азамат болуымызға анамыз көп еңбек сіңірді. Өзі жемесе де біздің аузымызға тосатын. «Сендер жеңдер», – деп өзі жемей, бізге қарап отыратын. Сол аналардың төзіміне, шыдамдылығына, қайсарлығына, ержүректігіне таңқаламын, анамды елжірей еске алып, оның алдында басымды иемін. Ақ жаулықты аналар бізді осы дәрежеге жеткізді, бізге осы шуақты, бейбіт өмірді силады – десем артық болмас.

Жазып алған
Оралова Әлиман
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті

Дәулетбаева Ғалия

(Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылының тұрғыны)

«Әжем былай деп әңгімелейтін:

- «Шаш ал десе, бас алатын» Толғанбай деген кісі болыпты ауылда. Оны тіпті солдаттар күзетіпті дейді. Апамдар оның атын естісе, «Толғанбайың құрсын!» деп ашуланатын. Сол жылдары қуаңшылық болып, шөп шықпапты. Мал жаппай қырылып, қалған малды ел сойып жеген.

Ауылда бірен-саран орыстар тұрыпты. Олар егін, картоп салады екен. Қазақтар солардан қалған масақты терем деп, кешке дейін жүріп, бір уыс бидай жинайды екен. Онысын ошақтың астына күлге тығып қояды. Сол тыққан бидайларын да талай Толғанбай, Рақыш, Тұмарбек деген белсенділер тінтіп, тартып алады екен. Бұл қаныпезерлер талай елді зарлатыпты. Ашаршылықта апам екі бірдей інісінен айрылған».

Жұмаш атай

«Мен Қаратал ауданы, Жасталап ауылында тұратын Жұмаш атайға жолықтым. Ашаршылық туралы баяндауымды сұрағанда ол кісі төмендегідей әңгіме айтты. «Атамыздың жанын өз көзімен көрген, өзі куә болған келесі оқиға түршіктіріпті. Сол жылдары Бекболат есімді жігіт әке-шешесі қайтыс болған соң әпкесі Гүлшатпен бірге тұрыпты. Екеуі де ашаршылықтан азып-тозып, тіпті жүрерге әл-дәрмені қалмапты. Бір күні көздері кіртиіп, жүні шыққан кішкене көрпешеде бүрісіп жатқан інісі әпкесіне:

- Әпке, сен даладан масақ немесе картоп қалдығын теріп алып кел! Егер тауып әкеле алмасаң, мен сенің өзіңді жеймін! – депті. Сонда әпкесі әлсіреп жатқан інісіне жаны ашиды да кең даланы бойлай жөнеледі. Өзі де жүдеп, аштықтан әбден әлсіреген, аяғын әрең басады. Өкінішке орай ол даладан да, ауылдан да ешқандай ауқат таппайды. Жаны қинала інісіне қайтып оралады. Інісіне мойнын ұсынып:

- Жаным Бекболат, жан інім, мен ештеңе таба алмадым. Кешір мені... Міне, мені жесең - тамағым, сен үшін жан пида, – деп көзінен мөлт-мөлт жас ағытылып, інісіне мойнын ұсынып, өлімге өзінің басын тігіпті. Әлсіресе де інісі алдына бағлан қозы келген аш қасқырдай әпкесін сол жерде бас салып, бауыздайды. Осыны көзімен көрген Жұмаш атамыз, ол кезде жігіт болып қалған шағы, есінен танып құлапты. Қанша жатқаны белгісіз, біраздан кейін есін жинап алып, алды-артына қарамастан қаша жөнеледі бұл үйден...

- Осы оқиғаны шын мәнінде болған десем де, елдің көбісі бұған сенбейді. Бірақта оның болғаны анық... Мың өліп, мың тірілген қазағым осындай жан төзгісіз күндерді де басынан өткерген... Осындай оқиғаны еске алудың өзі де қиынға түседі екен. Ешқашан мұндай ауыр күндер қайталанбасын, халқымыздың аспаны ашық, күндері жарқын болсын!- деп қария кемсеңдеп аяқтады әңгімесін».

Жазып алған
Мұстапаева Айгүл
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті

Қапиза Тоқтағұлқызы

Бұл оқиғаны мен өзімнің көрші апамның әңгімесінен естігенмін. Қапиза апаның бұл айтқандарын есімде сақтап, бұндай жанды әлемге танытпасам да, келесі ұрпақтардың санасына құйып, олар қалған ғұмыры мен өмірін қайғы мен қасіретке толтырмай, өкінішпен өткізбесе екен деген оймен бүгін мен қағаз бетіне сонау бір замандағы оқиғаны жазып қалдырсам деп отырмын.

- Е, балам, ерте кезде бітіп кеткен ескі жараның аузын ашып, іштен қан жұттырған заманымның несін айтайын! – деп апам үлкен бір ойға батып кетті. Ауыр бір күрсініп, көзінің жасын бір сығып, апам әңгімесін бастады.

- Қарағым, ол кезде қызымыз - күң, ұлымыз - құл болған заман еді. Марқұм әкемнен тараған еркек кіндіктен ағам және оның артынан ерген жалғыз мен едім. Менің әкем - Тоқтағұл есімді сіңірі шыққан кедей еді. Әкемнің өзі он екі ағайынды болған екен. Әжеміз марқұм он екі баласының он бірін жер жастандырып, оған бала тоқтамаған екен. Барлығы туған соң қызылшамен ауырып, өле беріпті. Ең соңында, менің әкем туғанда, үлкен бір молда келіп, кіндігін балтамен шауып, баланың атын Тоқтағұл деп қойған екен...

Шешем марқұм әке-шешеден ерте айырылған тұлдыр жетім болған. Әкем екеуі қосылғанда шешем 14-те, әкем 19 жаста болыпты. Әкем Тілеуберді деген байдың жеті жасынан қозысын бағып, шешем сол босағаның күңі болып жүріп бір-бірімен табысқан екен. Мен ес білгелі жыртық шоқпыт лашығымыз бен жалғыз сауын сиырымыз, үш-төрт ешкіміз және жалғыз құмай тазымыз болған. Бай бәйбішесі мейірім түскен адам еді. Одан кейінгі екі тоқалы адамнан емес, иттен жаралған ба деп ойлайтынмын. Байдың бәйбішесі айықпас дертке ұшырап, жыл жарымдай төсек тартып жатып қалды. Бәйбішенің сау күнінде қарнымыз ашыққан емеспіз. Шешеміз марқұм сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып, таң азаннан кетіп, ел жатар орнында оралатын. Әр күні сорпа, сүйек-саяқ, отқа піскен таба нан үзілмейтін.

Сол кезде анам байғұс әр күні әкелген тамағын тезірек бізге жеткізіп, аузыма тығындаумен болатын. Қайран бала кезім, сонда шешем бір үзім нанды аузына алмай, бізге тығындағанына мәз, ал біз болсақ кешке дейін аш жүріп, жатар орнында ғана тойып, ас ішіп ұйықтағанға мәз болып жүріппіз. Анам байғұс титтей қолы бос болса, көрші байлардың жүнін түтіп, арқанын есіп, киізін басып, бір аяқ бидай әкелетін. Ал әкем болса байдың малының соңында айлап кететін. Бай жылқысы қайда жайылса, сол жылқының соңында құрығын сүйреп, әкем де жүретін. Әкемізді анда - санда бір көргенімізге мәзбіз. Күндердің бір күнінде бай бәйбішесі о дүниелік болып кетті. Бәйбіше кетісімен, екі тоқалдың айы мен күні алдарынан шығып, бар билікке ие болды. Бұрынғы күніміз көзден бұлбұл ұшты. Шешем бір күн келсе, бір күн келмей, аштықтың дәмі ащы таңдайымызға тие бастады. Анамыз келгенде де мандытып ештеңе әкеле қоймады. Келгеніне риза боламыз. Кейінгі кезде көзі ішіне кіріп, құр сүлдерін сүйретіп келген анама жанымыз аши қарап, аш екенімізді ұмытып та кететінбіз. «Бір келсе, жеті жұт бірге келеді» - деген ғой. Сол жылдары қысы қатты, жазы аптап ыстық болғаннан бар жайылым қуарып, мал біткеннің бәрі қырыла бастады. Шешеміз ауыр науқасқа ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Ағам бай босағасына әкем сияқты қозы бағуға кетіп, жалғыз мен ауру шешеммен қалдым. Жалғыз сиырымыздың төрт емшегін кере сауып, шешемді сол сүтпен асырап бақтым. Бірде қыс қатты болып, аязда, ақ-түтек боранда бай жылқысы бөлініп кетіп, әкем жарты үйір жылқыдан айырылып қалыпты. Бай сол жылқысының құнын сұрап, әкемнің неше жылғы еңбегін бермей және үстіне жалғыз сауын сиырын тартып әкетті. Ағашқа байланып өзі әзер тұрған көтерем сиырдың екі аяғын құшақтап, мен талай жерге дейін сүйретіліп бардым. Мұны көрген әкем мен шешем ішінен қан жұтып, маған үнсіз ғана қараумен тұрды... Қазақ даласын жайлаған жұт біздің төңірекке де келіп жетті. Бай малы қырылған үстіне қырыла берді. Байдың босағасында жүрген жалғыз ұлы мен тозып, шаршап, әлсіреген қызын ойлап, анам байғұс аштықтан үш түн сандырақтап, аштық деген залыммен алысып, таңға қарай көз жұмды. Неше жыл бай малының соңында қысы-жазы жүрген әкемнің де екі аяғынан кетіп, мүгедек болып қалды. Ауыртпалық енді маған түсті. Бір уыс бидай сұрап, күндіз ел босағасын тоздырдым. Жұт жайлаған елде қайдан нан мен бидай болсын? Өстіп қанша жүргенімді білмеймін, бір күні бай апыл-ғұпыл үйін бұздырып, ағама қалған малын айдатып, елден қашпаққа айналды. Кешкісін ұрланып келген ағам бізге «Жүріңдер, бай көрші Қытайға өтпекші. Соның малын айдап, мен де өтемін, екеуіңді алып кетемін» деді. Оған бай мінезін білетін әкем бармады. Ұлына да жалынып, оның бармауын тіледі. Ақыры көндіре алмаған соң, мені алып кетуін айтты. Аға мен әке ортасында тұрған мен от пен судың ортасында қалғандай болдым. Әкеме қарап, бір жалынам. Сол кезде мен өз ағамды өзім тани алмадым. Көзінен от шашып, бір үмітпен кетіп бара жатқандай болды маған. Екі аяғы сал әкемді қимай, мен елде қалдым. Сонда ағам есіктен шығып бара жатып, артына бұрылып маған: «Күнім, алтыным, Қапилаш, мен ораламын, сені алып кетемін, жарай ма? Бірақ сен жылама, мен жол көріп келейін, сосын екеуіміз әкемізді арқалап, сол жермен Қытай еліне де жетеміз», - деді де маңдайымнан сүйіп, шығып кетті.

Өмірге деген үлкен үмітпен аға соңынан «қашан келер екен» деген оймен мен қалдым. Ал әкем болса ұлымен іштей қоштасып, көзінен аққан жасын маған көрсетпей сүртіп жатты. Бай түнделетіп көшіп, ағам сол байдың малының соңынан кетті. Ағам Мағжан кетісімен екі күн бойы әкем теріс қарап жатып алды. Бір күні әкемнің нағашысы келіп, «Бізбен жүріңдер, Қытайға өтеміз, жаңадан өмір бастаймыз, бір ауыл тегіс шығып кеткелі отырмыз. Сосын мен де сендерді осында тастамай алып кетпекке келдім», - деді. Сонда әкем: «Мені басыңа масыл қылып қайтесің. Мен әйелімді жалғыз қалдырып, қайда барамын, өлсем - әйелімнің жанына барамын, ал қызым болса саған аманат. Қарындасыңның аруағы риза болсын десең, өз қызыңдай көріп өсіріп, бақ» - деді. Біз кетуге жиналдық. Үйден шығып бара жатып, соңғы рет әке бетіне қарадым: әкем маған үлкен бір қимастықпен қарап: «Бара ғой, балам, ағаңды да сол жақтан тауып аларсың», - деді. Әке бетінен айлар мен жылдардың тізгінін тізбектеп қойғандай әжім қатпарлары сызылып білініп тұр. Қызық, бұрын қалай байқамағанмын... Арбаның ортасына отырып, сахарадай даламмен, ащы бір балалық шағым өтсе де туған жерімді қимай мен келемін. Қанша жүргенімізді білмеймін, әйтеуір: «Мынау Мағжан ғой! Апырай, соның өзі!» - деген сөздерден ояндым. Өз көзіме өзім сенбей, қақиып тұрдым да қалдым. Көз алдымда екі көзі ойылған, шыбын мен құсқа жем болған ағамның өлігі тал түбінде жатыр. Апыр-топыр арбадан бізді түсіріп алып, келесі кетіп бара жатқан көштің арбасына салып, нағашыларымыз жүре беруімізді қалады да, өздері жиендерінің сүйегін көміп, кейінірек артымыздан қуып жететіндіктерін айтты. Түкке түсінбей, тіл-аузым байланып қалған менің жүрегім мен жаным осы елдегі, осы жердегі әке-шеше мен ағамның аруақтарының жанында қалып қойғандай болды. Құл сүлдерім қалып, арбаның артына таңылғандай болған аға бейнесінен көз алмай қарап кетіп бара жаттым. Бұл кезде мен тоғыз жастағы жас бүлдіршін едім... Кейін білдік, бай сол түні Қытайға өте алмай, сол жерде бар малын және ат басындай алтынын тастап, ағам жатқан талдың түбіне бүкіл алтынын тығады. Онымен қоймай, алтынын қызғанып, ағама «Тірі жүрсең, сен бұл алтынды қазып аласың!» - деп екі көзін ойып, сол араға тастап, жалғыз басымен Қытайға өткен екен... Иә, балам, ол заман мен бұ заманның аралары әлдеқалай қашық... Қазір егеменді ел болдық, Қазақстанымыз гүлденді. Ол заман қазір бір ертегі сияқты болып кеткен. Елім, жерім аман болсын. Ол заман да біздің маңдайымызға жазылған бір заман шығар. Сүйегі қурап, топыраққа айналып кеткен сол заман азаматтарын еске алып, жаманы болсын, жақсысы болсын, оларға Құран бағыштатып, еске алып отырамын. Заманымыз тыныш, ел іргесі аман болсын! – деп Қапиза апа сөзін аяқтады.

Ол кісінің бүгінде 7 ұлы, 3 қызы бар, 32 немере, 9 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Қытайдан 1962 жылы қайта оралған әже әке-шеше, ағасының моласын тауып, Құран бағыштап, аруақтарды риза қылуға ұмтылады. Иә, біз осындай аналар мен аталардың арқасында өмір сүріп, осы күнге жеткенімізге үлкен алғыспен бас имесе болмайды! Аталарымыз бен әжелерімізге табынып өтейік, отандастар!

Жазып алған
Мақашева Маржан
(Ақсу ауданы, Кеңжыра ауылының тұрғыны)
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
сырттай оқу бөлімінің 4-курс студенті

Тоқтабекова Әсем

Мен келін болып түскен жанұяның үлкен апасы бар еді. Ол кісі әңгімешіл болатын. Бір әңгімесінде ашаршылық туралы айтқаны бар еді:

- Сонау 1931-1933 жылдары халықтың басына ауыр күндер төнді. Қаншама көп адамдар көз жұмды. Сол кезде мен 7 жаста болған екенмін... Мен өзімнің әке-шешесінің қолында өспей, атам мен әжемнің қолында өсіп жетілгенмін... Жан-жақта өмір үшін күрескен аш адамдар. Әлсіреген балалар, аштықтан қырылған ел. Сол кездегі қиыншылық жағдай қайтадан келмесін, ұрпағымыз аман болып, ондай зұлматтан Тәңірім сақтасын!..

Сонда апамды әжесі мен атасы тығып қояды екен. Өйткені ол кісі бала кезінде толық болған екен. Сол кезде аштықққа шыдамаған адамдар кішкентай балардың етін жеген. Кейбір жанұялар өздерінің балаларын жеген. «Бізде әлі де балаларымыз болады - тек екеуміз аман болсақ болғаны да», деп өз балаларын өлімге қиған әке-шешелер көптеп кездескен екен. Далаға масақ теруге шыққан кезде атасы мен әжесі апамның денесін мойнына дейін жерге көміп, басына қаңылтыр кигізіп, үйінде қалдырып кетеді.

Апамның есінде бір қалғаны, атасы екеуі далада келе жатса, бір әйел жолдың шетінде жатыр екен. Қасында бір жасқа келген-келмеген нәресте жатқан. Анасы қайтыс болып, кішкентай бала анасының омырауын еміп, әлсіреп жатқан. Атасы ол баланы алмай өткен. «Қалай оны асыраймын, өз балаларым да жетеді ғой?» - деп қастарынан өте берген. Осы әңгімелерін айтып, апамыз көзіне жас алып, балалық шағын күрсіне еске түсіреді...

Осындай сүйегі асыл апаларымыздың қатары жылдан жылға сиреуде. Ол апамыз да былтырғы жылы көз жұмды. Өзінің көзі кетсе де, апамыз айтқан әңгімелері жадымызда... «Өз тарихымызды білмей, біз үшін болашақ жоқ»,- деуге тұрарлық.

Саметеев Нығметжан

(1920 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Тарлаулы ауылының тұрғыны)

Ол кездерде мен 8 жаста едім. Біз бір жанұяда үш ағайындымыз. Ең үлкені - Мұхаметжан, кішісі мен едім. Әкемнің есімі - Сәметей, шешем - Бәдіжамал. Біз Таңсық стансасының қасында орналасқан Ақши деген жерде колхозында тұратын едік. Үш қарындасым – Қаби, Ығи, Бази – ашаршылық кезінде Қытайда болған екен.

Сол кезде үкімет басына Сталиннің жіберуімен Голощекин деген келіп, халықтың малын түгел алды. Сондағы көздеген мақсаты, қысқаша қарапайым сөзбен айтқанда, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бүкіл елді бір жұдырықта қысып ұстау.

- Сонда сіздер қалай күнелттіңіздер, не жедіңіздер?

- Е, балам, ол кезде көп жанды үйлерге бір сиырдан берілетін болған. Қазақ деген ол кезде картоп қазуды білмейді, балық аулауды білмейді. Әйтеуір «мал, мал » деп малдың артынан кеткен халықпыз ғой...

Ой, шырағым , содан не керек, бір сиыр не болады дейсің, ол да суалды. Енді қалай қылғанда да жан сақтап қалу керек. Содан әкем әлгі сиырды сойып, соның етін жедік. Сол үшін әкемді өкімет он жылға соттайтын болған соң, әкем үш қызды алып Қытайдың Шәуешек деген қаласына қашты. Әкем кеткен соң біз Таңсықтың Қызылқия мектебінің интернатына келіп, сонда тұрып жан сақтадық. Шешеміз 50 жасында, ал әкеміз 82 жасында дүниеден өтті. Ал енді ашшыққан ел не жемеді дейсің? Таңертең тұрып, тышқанның інін суға толтырады, қашан тышқан інінен шыққанша. Аңдып отырып, сол тышқанды ұстап алып жейді. Біздің үйдің жанында бір дәулетті кісі болды. Ол кісі аштық кезінде түгел жанұясымен қырылды. Бір күні үлкен кілемін, сандығын сүйретіп алып келіп: «Бала – шағама бір тілім нан бер» деп жылады. Өзі де аш халық несін берсін?..

Менің әкем бірде ертеңгісін «ит-құс, аң қолыма іліксе» деп үйден шығып бара жатып, жолдан бір үйде екі баласы бар ерлі-зайыпты жанұяны көреді. Әкем үйіне кірсе, барлығы да аштықтан ісініп кеткен екен. Кешкісін қайтып келе жатып, әкем жаңағы жолда тұрған үйдің есігін сыртынан біреу таспен тіреп кеткенін көреді. «Бұл қалай, кім екен?» - деп қараса, әке-шешесі екі баланы қалдырып, өздері кетіп қалыпты. Әлгі екі бала бірін-бірі құшақтаған күйінде өліп қалыпты.

- Е, шырағым, халық жаппай қырылды ғой. Анау Тарбағатайдан Таңсыққа келіп, жан сақтаймыз деп шыққан халық жол бойында тегіс қырылған... Содан 1933 жыл да келді ғой ақыры. Аштықтан қалған халықты аман алып қалу үшін үкімет азық бере бастады: әр адамға бір уыс тары, бидайдың ұны. Сөйтіп тірі қалған халық жан сақтап қалды ғой... Қазіргі уақытта зейнеткермін, қалқам. Аллаға шүкір, сегіз балам бар. Бүгінде немерелерім мен балаларымның қызығын көріп отырмын, – деп әңгімесін аяқтады қарт ақсақал.

Саметеева Нүрзия

(Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Тарлаулы ауылының тұрғыны)

Мен 1919 жылы Аякөз қаласына қарасты Жарма ауылында тудым. Әкем -Нұрахмет, анам - Күлбарам. Біз жанұяда 6 қыз болдық. Шешем қатарынан 7 ұлды дүниеге әкелген екен. Жетеуі де бірінің артынан бірі шетіней беріпті. Анам артынан қатарынан 6 қызды дүниеге әкеліпті. Екеуі дүниеден өтіп, қазір төртеуміз қалдық, солардың ішінде ең үлкені менмін. Сіңлілерімнің біреуі бүгінде Алматыда, екіншісі Аякөзде, кенжесі Жармада тұрады. Біз әкеміздің арқасында ашаршылықтың азабын аса көргеніміз жоқ. Біздің жалғыз сиырымыз болып еді, соны сауып, бір кесе сүтін ішіп отырдық. Әкеміз сол кезде таңертеңгі сағат 7-ден кешкі 10-ға дейін ауылдың диірменінде жұмыс істеді. Күнде үйге келгенде қалтасына бір уыс бидай мен 4 жапырақ нан салып әкелетін. Жалақысы, әлі есімде, 5 – 10 сом төңірегінде болатын... Әкем жұмыстан келгенде талай-талай жан түршігерлік әңгімелерді айтатын: бір жерде бір топ адам мысықты немесе итті ұстап жепті, басқа біреулер аштықтан өлейін деп жатқан кішкентай нәрестесін жепті дегенді естіп жататынбыз.

Біздің көршіміздің малы көп болушы еді. Сол көршіміз барлық малын шетінен сойып жеп отырды. Бірақ нан болмаса, қара ет ішке тұрмай ағып кетеді екен... Қасымызда екі үйден кейін тұратын бір бай қолына қымбат тасты алқасын ұстап, әкеме «Нұрахмет, мынаны ал да, маған бір жапырақ нан берші!»- деп келгенде, әкем оны «Маған бұл алқаң тамақ бола ма?!» – деп қуып шыққаны есімде. Бір күні әкем жалақысын алып, шәй-сабын сатып алуға қалаға кетіп еді. Соларды алып, қайтып келе жатса, пойызда орыстың бір әйелі әкемді қасына шақырып алып:

- Сен үш күннен кейін өлесің! - депті.

Әкем сол жерде оны балағаттап, «Менің 4 бірдей балам бар, мен өлсем - оларды кім асырайды?!»- деп кейіпті. Әкем сол кеткеннен екі күннен кейін үйге келді де, есіктен кіре құлады. Мен оны көтеріп алып, төсекке жатқыздым . Әкем мені қасына шақырып алып:

- Балам, маған орыстың бір әйелі «үш күннен кейін өлесің» деді. Егер айтқаны дәл келсе, ертең түскі сағат екіде мен дүниеден өтемін. Қолыңа қалам ал да, маған қарыз адамдарды және менің қарызымды жазып ал, - деді. Әкемді бір бөлмеге жатқызып, есігін жауып қойып, ешкімді кірбізбей, оған өзім қарадым. Ертеңінде түскі сағат екіде, орыстың әйелі айтқанындай, әкем дүниеден өтті...

Ол кезде әкем 45 жаста еді. Шешем әкемнен 8 жылдан кейін қайтыс болды. Өзім 17 жасымда тұрмыс құрдым да, 23 жасымда жесір қалдым. Жолдасым Сәбит соғысқа кеткеннен, жаралы болып қайтып келіп, екі күннен кейін 25 жасында дүниеден өтті. Одан кейін 31 жасымда Мұхаметжан аталарыңа қосылдым. Сәбиттен қатарынан 6 ұл, 6 қыз дүниеге әкелдім. Бәрі де бір жарым жасқа келмей, шетінен өле берді. Енді Сәбиттен бір ғана қызым бар. Мұхаметжан атаңнан 7 балам бар. Қазір 8 немере, 9 жиен, 3 шөбере көріп отырмын.

Байсақов Темірәлі Хасенұлы

(1924 жылы Ақсу ауданында туған)

- «Ақ сақалы қартықтың белгісін көрсетеді»,- деп қария сөзін ауыр күрсініспен бастады.

- Мен ол кезде 12 жасар бала болғанмын. Есімде сол шақ: өршіп тұрған күз мезгілі болатын. Жегендеріміз - ұнның қыпығы, соның өзі бізге табылмайтын ас еді ғой. Әжелеріміз бір дөңгелек құрт беріп тамақтандырушы еді, соған біз біреуіміз емей, әр отбасынан 14 адам тояттанып қалушы едік. Әкемнің айтуынша, Голощекин бүкіл асық пен етті қырманға жаптырып тастап, ақырындап Ресей еліне тасып отырыпты.

Ақсу ауданы «Қызылтаң» совхозындағы Баймұхамбет елі аш болды. Әкем қоймада астықты күзетуші еді, кейіннен халық «сол астықты сақтадың» деп әкемді соттамақшы да болды. Бірақ сол астықты аз-маздап елге бергені үшінде Сталин адамдары әкемді тағы да соттамақшы болған. Иә, көргенге шын, естіген құлаққа өтірік шығар. Сол кезде тіпті өзенде жыбыр еткен балық пен әуеде пыр еткен торғай көрінбестей болып кеткен еді: бәрін де жеп қойғанбыз... Ал қазір «Заман қиын, қиын!» деп шулайды жастарымыз. Қазір еңбек етсең, бәрі де бар емес пе?!. Сол заманда ғой бәрінің де өте қиын болғаны, Голощекиннің сайқал саясаты емес пе, қазақ жерін тойпаңынан келтірген! - деп көзіне жас алған қария үнсіз қалпы ұзақ отырды...
 1 ... 3  4  5
Кіру Формасы
Жаңалықтар күнтізбесі
«  Октябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031
Іздеу
Сайттың достары
Rambler's Top100