Вторник, 24.10.2017
NAUBET
Сайттың мәзірі
Бағалау
Оцените мой сайт
Жалпы жауабы: 187

Ұлбосын Қасымқызы

Ел есінде сақталған "Ұлы жұт" қазір бізге тарих болып қалғанымен, немересінің соңынан нан қоқымын терген Ұлбосын апайдың балалық шағы еді... «1920 жылдың сұр бұлт, суық кезінде ел жайлаудан түскен кез бе еді? Сол уақыттарда Лабасы тауының етегінде Талапты ауылында Қасым атты байдың бәйбішесінен туғанмын. Азан шақырып қойған атым Ұлбала, кейіннен Ұлбосын деп кеткен. Есте қалғаны соңымнан сіңілім ерді, ылғи қыз болған соң, оның есімін Ұлтуар деп қойыпты. Артынан бір ұл туып, ол бір жасында шетінеп кеткен... Естігендер сенбесе, көргендер ұмытпайды. Туғанынан ажыратып, айрандай ұйыған қазақ халқының айманын шығарып, арыстай азаматтарын соққыға жығып кетпес қасірет туғызды. Малдарды күштеп жинап әкетті. Содан ол аз болғандай тінтіп, тіміскілеп, тыққан, жасырған азын-аулақ астықты тауып алып, тік көтере тиеп әкетті. Оның үстіне жан басына ет салығын салып, тағы да әуселей бастады. Ұра қазып жинаған астықтан да қалдырмады, егіс алқабында өсіп тұрған бір уыс бидайды алғандарды жазалап, он жылға дейін бас бостандығынан айырған.Қару кезеніп шапқыншылар шапқанда, шешеміз сіңлім екеумізді қазанның астына бастырып тығып қойған. Бір сағаттай қазанның астында қалып, айғай-аттаннан, ат дүбірінен зәреміз ұшып, түншыққанымызда зорға шығарып алып еді... Сол ашаршылық кезінде кейбір адамдар далада бұрын өлген малдың сүйегін тауып, қайнатып ішкен. Семіз малдың сүйегінен майлы сорпа шығады екен, соған табылса бір екі тал дән салып, біраз қорек жасаған. Кейбіреулер тіккен үйін, мал мүлкін тастап, бас сауғалап арғы бетке, яғни Қытайға жер аударған.Ашаршылық зұлматының құрбаны болып талай-талай жақсы да жаман да кетті ғой. Бірақ солардың дені жасөспірім, жаңа өрім ұрпақ еді. Небір асыл ару қыздар, ел тұлғасы болар атпал азаматтар бір үзім нанға зар болып қорлықта опат болды. Бұл теңдесі жоқ зұлматты заманды басынан кешірген атамыздың айтуы бойынша қара ормандай тұтас бір халықты қасақана арандатып, алдын-ала ойластырған әдіспен қыру болатын. Бала-шағасын шұбыртқан сай-сайды, тау-тауды кезген қалың ел - қайда қарасаң да. Қырманның орнын, аңыздың орнын түртінектеп, талшық іздеп кеткен ел. Суық түсіп, қырбық жауған соң жағдай тіпті қиындай түскен. Ұзаңқырап сыртқа шыға қалсаң, жол ернеуінен, бұта арасынан, ескі қора-қопсы маңынан аштықтан ісіп-кепкен аруақтай сидиған адамдарды көресің. Кешікпей әр жерде әл-дәрмені құрып, сұлап жатқандар да, қыбырсыз жан тапсырғандар да кездесетін болды...

Жұмажан Жетпісбаев

... Несін айтасың, үрейлі, қорқынышты күндер туды. Қазір соның барын айтып отырсақ біреу сеніп, біреу сенбейді. Адам ашыққан соң тіске басарлық, талға жау етерлік нәрсенің ешқайсысын талғамайды екен. Көзіне қан толып, хайуан кейпіне түскендер де болды.Бірде Кенжебек аға мен оның Әбдібек деген досына ілесіп Ақшоқы суының Көксуға құя берісіне, ескі диірменнің түбінен балық іздеп бардық. Қыстың күні болатын, бейуақ болып қалған мезгіл. Біз мұз ойып, тор әзірлеп жүргенімізде, төменіректе бір сай ішіндегі тас қорадан құлаққа әлдеқандай бір жан түршігерлік дыбыс естілді. Елегізіп, елеңдесіп қалдық. Сөйтсе де үрейді жеңіп, үшеуміз тас қораға жақындап бардық. Баспалап келіп қарасақ, үйшік ішінде сығырайып, жаяу шам жанып тұр. Бір-екі адам жүр. Біреуі тіреуге ілген жас етті боршалап, екіншісі ағаш жарып, қазанның астына от жағып жатыр. Не де болса мұның тегін іс еместігін сездік. Есікті жұлқа тартып ашып, ішке кіріп келгенімізде әлгілердің біреуі бізді қаға-маға сыртқа ытқып шығып жоғалды. Екіншісін ұстап қалдық. Ағайынды Байғазы, Жанғазы дегендер болушы еді. Сол екеуі екен. Ал қазанға салып асып жемекші болғаны үлкенінің бес-алтылардағы ұлы болып шықты. Оны баланың ілулі тұрған бөркінен, кішкене кеудешесінен сездік. Қолға түскен сұмырайды итше тепкілей беріппіз. Бірақ амал қанша, болар іс болып қойған. Ертеңіне әлгіні Қапыш Құсайынов деген милиция алдына салып, қалаға айдап әкетті. Міне осындай сұмдықты көзбен көргенмін деп әңгімелеуші еді атамыз Жұмажан Жетпісбаев.

Абылханов Ахметбек және Кенеханова Бәти

Ашаршылық жеке адамның не отбасының ашығуы емес, бүтін бір аймақтың, халықың басына түсетін нәубет. Ол адамдардың жаппай қырылуына алып келді. Соған қарамастан халық арасында тараған, үлкендерден естіп жүрген әңгімелер баршылық. Мен ауылдан сұрастыра жүріп, жасы 79 жастағы Алакөл ауданы, Жайпақ ауылының тұрғыны Кенеханова Бәти апаймен сырластым. Бәти апай Ашаршылық жылдары туралы күйеуі Абылханов Ахметбек атаның (1923-1997) аузынан естіген әңгімесін маған айтып берді. 1931-1933 жылдары Ахметбек ата 8-10 жастағы бала екен. Әкесінің малын өкімет кәмпескелеп алып кетіпті. Көп ұзамай ағайымен бірге азын-аулақ малдарын Қытайға алып өтпекші болғанда, әкесі мен ағасы өкімет адамдарының қолдарынан қаза тауыпты. Ахметбек ата, он бір жастағы әпкесі, анасымен бірге Көкжар деген ауылда аш-жалаңаш, жоқтық күндерге душар болыпты. Атаның іні-әпкелері қылша, сүзек ауруларынан қаза тауыпты. Талай жанұя тегіс қырылған. Тамақтың жоқтығына шыдамай шөп-шөптің тамырларын сорған күндер де болыпты. Әкелерімен Қытайға өтпек жолда қалып қалған Ахметбек ата жанұясымен паналауға боларлық ауыл іздеп, жолда көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріпті. Жол бойы ырсиған сүйектері ғана қалған адамдардың өліктері көмусіз жатыпты.Анасы ауыр науқасқа душар болып, жүруден қалыпты. Ахметбек ата анасын арбаға салып сүйреп, тау арасындағы Кеңес ауылына келеді. Бұл ауылдың жағдайы да мәз емес екен. Азық іздегендіктері соншалықты арам өлген малды жерден қазып алып жегендер де болды дейді. Жағдайлары күннен-күнге ушығып отырыпты. Халық жоғалған балаларын іздеуден де қалыпты. Аш адамдар бала ұрлауға дейін барыпты. Ата көрші қызының көз алдында ұрланғанына куә болыпты. Анасы кейіннен қызының киімдерін жаман қорадан тауыпты. Бірақ бәрі кеш еді. «Кісі етін жеген шұбартауықтар» деген содан тараған дейді. Адам аш болғанда тіске басарлық нәрсені талғамайды екен.Бұлардың тапқан үйі ауылдың шет жағындағы есіктері жоқ бұзылған үй еді. Анасын сүйреген арбадан алған ескі киізді бүрісіп-бүрісіп үшеуі паналады. Жалғыз қалған көрші әжей көп ұзамай әжей аурудан қайтыс болды. Ауру анасы мен әпкесі әжейді жуындырып, жерлейді. Ал жерленбей тау-тасқа, құзда қалған өліктер көп еді. «Әкеміз тірі кездегі нанның, малдың қадірін енді түсіндік» деп терең күрсінді Ахметбек ата. Бәти апамызбен Ахметбек ата 55 жыл бірге шаңырақ көтеріпті. Алғашында Кеңес ауылда тұрып, бірер жылдан соң Жайпақ ауылына көшіп келіпті. Әпкесі жанұя құрғанымен балалы болмай, ұрпақ жалғастыра алмапты. Құдайға шүкір, Бәти апа мен Ахметбек атаның қазірде 5 баласы бар. Атамыз Абылханов Ахметбек өзінің ғұмырында осыншама қиыншылықтарды басынан өткерді. Ата 73 жасында дүниеден озған. Бәти апамыз үлкен ұлы мен келіні, немерелерімен ауылда тұрып жатыр.Уақыт өз дегенін алған екен - апамыз да ауырады. Соған қарамастан өз есінде қалмаса да жолдасынан естігенін маған айтып берді. Апа соңында маған ақ батасын айтып, ұзақ ғұмыр тіледі.

Қазақ атамызда бір сөз бар: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» - деген. Сондықтан сол ашаршылық жылдары қаза тапқан ата-бабаларымызға арнап ескерткіш орнатып, оларды еске алып, Құран бағыштап, құрбанға мал сойылса, өлілер разы болар еді.

Жабықбай қария

Әркімнің жан сыздатар өз қайғысы, өз қасіреті бар. Тіпті арада 70-жылдан астам уақыт өтсе де ол жөнінде ауызға алып әңгімелеу соншалықты ауыр, тіпті кейде мүмкін емес нәрсе. Алғашқы жүздескенімде Ақсу ауданы, Діңгек ауылының тұрғыны Жабықбай есімді қария да айтқысы келмеді. Менің сөзімді селсоқ тыңдап, ақырын жымиды:

- Айта алмаймын, қызым, ауыр, өте ауыр,- деп қолын сілтеді. Бірнеше минутқа созылған үнсіздіктен кейін оның тұнжырай сөйлеген сөзі естілді.

- 1932-1933 үрейлі ашаршылық жылдары қаншама адам жазықсыз қырылды,- деп әңгімеледі Жабықбай қария. - Сол кездегі оқиғаларды еске алудың өзі қорқынышты,- деп бір сәтке үндемей көзіне жас алды. Бес жасар жасөспірім шағында қария өз көзімен көрген жан түршігерлік суреттерді жадында сақтапты.

- Далада өлген адамдардан аяқ алып жүргісіз, көше таң атпай мәйіттер тиеген арбаның жағымсыз шиқылынан жаңғырады. Есімде, ауылдағы бір шал адам етін жеп, бір айдай күнелтіпті,- деп күңкілдескен ел.

- Мені әсіресе мына бір оқиға қайран қалдырды.

Бір күні далада айқай-шу шықты. Не болды екен деп терезеден басымды созып қарасам, анадай жерде бір шұңқырдың ішінде жас қазақ жігіті етпетінен жатыр екен. Бүйірімен жерге жабысып, қолдарымен басын ұстап, қалш-қалш етеді, басын қан жапқан. Оның үрейді ұшыратындай арып-ашқан қу сүлдеріне қарау мүмкін емес еді...

- Қандай аянышты қал десеңші, - деп күрсінді қария. Әбден титықтап аш өзегі шыдытпаған соң, біреулердің таба нанын жұла қашқысы келсе керек. Бірақ сүйретіліп жүрген жігіт бір аттап үлгермей, таяққа жығылып, басын жарыпты...

Жазып алған
Мұхаметчина Гүлмира
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Рысалды Түсіпбекқызы

Жас кезінде басынан өткізген азапты күндерінің сол бір қиын сәттерін, оқта-текте болмаса, есінен шығара бастаған қарт ана Тілебалды жайында келіні Рысалдының аузынан жазып алғанмын бұл әңгімені. Ол кісілер қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының Ұржар ауданында тұрады...«Бізді қанша жасар дейсің, бала-шағаның арасында бақытты болсаң да, қатарың кетекен соң, ауылда кіріп шығар өрісің тарылады екен. Ертеде бір кедейдің шалы:

- «Ағаның үйі Ақ Жайық, бармай кетсек - бізде айып, інінің үйі індікеш, шақырусыз кіре алмай, қылып жүрміз күнді кеш», – деген екен.

«Қарағымның ғұмыры ұзақ болып, солардың алдында кетсем - арман не?! Менің өмірімнің қимас күндері болмаған соң, ондай өмірді ойға алғанның өзі де азаппен тең болар. Әрине, ондай ғұмырды жан баласының басына бермесін де, ондай балалық шақты баламыздың баласы көрмесін деңдер. Дұшпаныма да тілемеймін ондай күнді. Ақыл-есімнің барында ауыл-аймаққа абыройлы кезімде, бала-шағамның қызығын көрдім, енді бүгін алсаң да арман жоқ, ей, Аллам!» - деп отыратын енем. Менің әкем Түсіпбек деген кісі, кедей болған адам. Кедей болғанда, нағыз сіңірі шыққан, тігерге тұяқ бітпеген, өмір бойы жоқшылықпен күні өткен жан болған. Марқұм әкем мен есімді біліп қалғанда қайтты да өмірден, өз аузынан естіген аз ғана әңгімем жадымда сақталып қалыпты. Бала жастағы ұмытылмайды ғой, алдымен сол әкемнен естігенімді айтайын. Әкемнің өзі кіндікте жалғыз болыпты. Әке-шешесінің барында сауын сиыр, мінер ат, аздаған қозы-лақтан құр алақан болмаған. Бірақ бай есігінде жүрген жалшыда «мынау менікі» дейтін, еншісіне басар малы бола ма? Әкем есейе келе, әкесінен айрылып, екі жылдан кейін шешесін де жерлейді. Сөйтіп, жаңа өсіп келе жатқан жас жігіт бар малынан айрылады.

Сол күнде әкем жас дейтін жас та емес, аттай жиырманың жетеуінде екен. Бірақ күйі жоқ кедей жігіт ол күнде үйлене ала ма? Кемпір-шалдың барында жағдайы келмей, «қалыңға» толар малы жоқ, келін түсіріп, қызығын көрсете алмапты. Бір үйде жалғыз өзі қалған соң, төрт қанат қараша лашықты жығып, жер төлінің төбесіне жинап тастайды да өзі Оспан байдың жылқышыларының қасына барып бірге тұрады. Ол кеткен соң, «келін алар күн болса» деп анасының азын-аулақ жиған-терген шыт-шыпырын байдың бәйбішесі өз мүлкіндей көңілі жеткендерге үлестіріп жоқ қылады. Аяқ-табақ, қазан-ошақ дегендерің де кез-келгеннің қолында кетеді. Жаз шығып, жер-аяғы кеңігенде, әкем үйінде түк те қалмағанын өзі көріпті. Содан соң «Қой, бәрінен айырылған екенмін, ең болмаса ата-анамның көзіндей болған қара шыңырақ қалсын», - деп киіз үйін қасына тасып алыпты.

«Жасың болса біразға келді. Өз алдыңа үй болып, түтін түтететін кезің келді. Мына еңбек ақыңды ал да, өз теңіңе үйлен»,- дейтін жылы сөз бай мен бәйбішенің де аузынан шықпайды. Сөйтіп жүріп, бай жылқысының соңында он жылға жуық ғұмыры тағы да жалғыз өтеді. Әкем көп ойланып, «Осы менікі не жүріс», – деп байға барады. Барып он жылға тиесілі еңбегін сұрайды. Үй болғысы келетін көңілін айтады. Болмаса, жөнімді табамын, Сіздің несиеңізге қарап аз жүргенім жоқ. Маған да келешек керек,- деп отырып алған соң қарулы жігіттен мың жарым жылқысы бар байға айрыла қою оңайға соқсын ба, сол жерде екеуі келісіп, он жылғы еңбек ақысына екі тай, бір жабағы, бір бұзаулы сиыр береді. Оспан бай өз босағасындағы күтушісіне үйлендірмекші болыпты, сөйтіп әкемді өз жалдығына қалдырмақ ойы болған ғой, бірақ әкем көнбепті. Өзімен көп жылдар «қостас» жылқы соңында жүрген Мерген деген кедейдің Ақбала деген қарындасына сөз салады. Сол күнде, қыздай тиген байы өліп, шешем Ақбала жиырма тоғыз жасында ағасының үйіне қайтып келіп отырған кезі екен. Анам бет біткеннің көріктісі болған. Сондықтан да болар, өзі кедей жігіттің қарындасы болғанымен, он бес жасында оған көрші ауылдың қырықтан асқан бір байының ықыласы ауады да, аз-кем қалың төлеп, әйел үстіне әйелдікке алады. Байдың бұрын екі әйелі бар екен. Күйеулерінің әрі жас, әрі сұлу тоқал алғанын көре алмайды, қызғанады. Бірақ қолдарынан байға істер қайраты болмаған соң, бар өштерін Ақбаладан алады.Ауылдан басқа жаққа бай шығып кетсе, жаңа түскен жас келіншекті ауыр жұмысқа салып, бәйбішелері күндіз-түні үй көрсетпейді. Бай үйінде болған күнде де екі бәйбіше Ақбаланы күндіз қой соңына, кешке күзетке қойып, қарсылық көрсетсе, таяқтап ұрады екен. Даладан әбден шаршап келгенде, үйде де тыным болмайды. Қос бәйбіше жұмсаудан көз ашырмайтын өздерінің күтушілеріне бостандық беріп, шешемді түн жарымына дейін үй тірлігіне салып қояды. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп те болмаған қарындасының көргені қорлық боп жүргенін көре тұрса да, артында қалған жалғыз ағасының қолынан келер қайран жоқ. Жаман байға қайрат көрсетіп, қарындасының басына азаттық сұрай алмайды. Сұраса да бай ауылының беделді азаматтары теңдік бермейді.

- Бай сенің қарындасыңды үлде мен бүлдеге орап отырғызып қою үшін алды ғой деп пе едің, текті жердің қыздары қос бәйбішесіне қолбала керек болған соң алды. Қалыңы төленген қарындасыңның байдың босағасында өлсе де құны жоқтаусыз,- деп өзін келемеждеп қайтарады.

«Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін», –деген заман малды мен әлдінікі болған соң, кедей ағасының қолынан келер шара жоқ.Сөйтіп, ауыр жұмыс, қасірет-қайғыдан анамның бетін уақыт жетпей әжім торлап, баяғы ажар-көркінен ада боп, тез қартайып шыға келеді. Ақылы көзіндегі бай енді Ақбаладан жери бастайды. Күндіз-түні күтіммен сыланып-сипанып отырған қос бәйбішесін қайта тауып, Ақбаламен ісі болмай кетеді. Арада жылға жуық уақыт өткенде бара-сала төсекпен көтерген Ақбала бір күні арыстай ұл туады. Бірақ малға да, басқаға да тоқ бай анаммен де, оның баласымен де жұмысы болмайды. Бай алғаш Ақбаланы әйелдікке алуын алып, үйіне келген соң қос қатынның тегеуріне төзе алмай, араға жарты жыл толар толмастан Ақбаланы талақ тастаған. Содан күң орнына жұмысқа салып жүрген ғой. Ақбаланың іші біліне бастағанда, бай енді бұл қатынға бұл үйде тұратын не қалды, қарамағымдағы Жұман қойшыға беремін, енді соған-ақ әйел болсын деп жүрген екен. Баласының мұнысын естіп, байдың анасы қайырымды кісі болса керек:

- Оттама, тәйт! Саған жап-жас аруды талақ таста деген мен жоқ. Енді болары болды, бояуы сіңді. Саған әйеліңе қайта үйлен деп айта алмаймын. Ол енді шариғат қоспайтын жұмыс. Саған әйел болмаса да, ішіндегі немерем өзімдікі, көзім тірісінде «ата» атандырып, сүйегімді сындырып, жат босағада тірі жетім етер жәйім жоқ. Ақбала босанып, баласын емшектен суалтқанша, осы босағадан кетпейді. Жібермеймін,- депті.

Міне, содан Ақбала байдың босағасында қалады. Жастың аты жас, жабырқаулы жалғыз жүргеннен сәби де болса, жас нәрестесімен бір рулы елдей болып, өзімен-өзі оңаша қараша отауда өмір сүруге қолы, өз-өзін күтініп қарауға шамасы келген соң Ақбала бұрынғыдай қыз қалпына қайта келіп, құлпырып шыға келеді.Оны көрген бай өткендегі ісіне опық жеп, өз бармағын өзі тістейді. Ол күнде “талақ тастадым” деген жалғыз ауыз сөзден кейін ерлі-зайыптыға өмір бойы қайта табысу жоқ. Ондай адам Құран жолымен Құдай алдында ауыр жазаға тартылады. Оның үстіне мұндай заңды, тәртіпті жандары қалмай қолдап келген байлар үшін де қарабет болып, антын қайта бұза салу да оңай емес. Ақбаладан айырылмаудың амалын тауып, өзінен туған ұлы үшін бай оны күтуші есебінде қолынан шығармай ұстайды. Ақыры жап-жас, он жеті жасар анамды өзіне де, өзгеге де жоқ етіп, ер баласын босағасынан аттатпай, оңаша үйде он жылдан астам уақыт тұтқында ұстайды. Баласын тастап, анасы кетпейтінін біліп. Баласы онға толғанда, бай қайтыс болады. Күйеуі өлсе де, қос бәйбішенің әлі де ерден көңілі қалмаған болуы керек. Күйеуінің бірге туған екі бауырларына, екі қайнысына тимекші болады да, Ақбаладан құтылуды ойлайды. Байдың жылы өткен соң екі бәйбіше ауыл ақсақалдарына сөз салады.

- Байдың артында қалған балалары әлі жас. Мал-мүлкімізге иелік етер ер азамат керек. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпес» деген. Байдың өзімен бірге туған екі інісі бар, біздің жолдығымызды жасап, ағасының орнына екеуі екі үйге иелік ете ме, жоқ бізге ұлықсатын бере ме? - дейді. Ауыл ақсақалдары жиылып:

- Ертеден келе жатқан дәстүрімізден аттамайық. Өлген тіріліп келмейді, тірі адам тіршілігін істеу керек. Аға өлсе - жеңге мұра. Байекеңнің жоғын пайдаланып, төркіндері көшіріп алып кетсе, не істейсіңдер? Екеуің ағаларыңды жоқтатпай орнына ие болыңдар,- деп шешіпті. Жасы үлкен інісі:

- Жә, ағайын, алда-жалда солай болып жатса, біз де сендерден шығып кетпей-ақ қоялық. Балалардан қашып қайда барамыз. Бірақ біздің мынадай шартымыз бар. Нағыз жеңгелерімізге үйлендіріп болсаңдар, ана ең кіші әйел Ақбаланы - ініме, ортаншы әйелін маған қосыңдар. Бәйбішенің басына бостандық беріңдер. Осы күз ұлы үйленгелі отыр, келесі жаз қызын ұзатамыз. Енді ол кісі бізді әурелеп не етеді дейді.Үлкен қайнысының сөзін ағайындардан ара-кідік естігенде, бәйбіше жарылып кете жаздапты.

- Ағасының көзі тірісінде талақ тастаған қатыны ақ некелі менен артық болған екен ғой! Әдіре қалғырдың жастығы мен ажары болар діңкелерін құртып отырғаны! Қанша құлқындары құрыса да, жолдығымды «тексіз», некесіз тоқалға беріп, намысымды аяққа бастырмаспын,- деп түнде ашулы бәйбіше Ақбаланың үйін жықтырады да, түйеге арттырып ағасының қолына әкелдіріп тастапты.

Содан анам оннан астам жыл қорлықта ұстаған «бұғаудан» құтылғанына қуанып, мәз болыпты. Оның үстіне өзінің ұл мен қызы жеткілікті бәйбіше Ақбаладан туған ұлды алып қалмайды, өз бауырында келеді. Бірақ он бір-он екілерге келген, бай ауылға үйреніп қалған бала, кедей ауылға үйренбейді. Бай тірісінде Ақбаланың ажар-көркінің құлы болып, осы баланы сылтау етіп, баласына жиі барып, ұлын бауырына тартқыштап жүрген екен. Тіпті сол бәйбішесінің үйінде отырып-ақ, ұлды төсіне мінгізіп, еркелетіп, өзге балаларынан ерекше бағалаған дейді. Шешесі бөлек ұл мен қыздар әкесін қызғанып та жүріпті. Бірақ, кейін келе-келе бұған да көздері үйреніп, бір енеден туған қозыдай, бір-біріне бауыр басып кетеді. Сөйткен байдың кенже ұлы, құртымдайынан бауырында өскен анасын қимай, нағашы жұртына ілесіп келгенімен, мұнда тұрғысы келмейді. Бәйбіше адамнан ұялып, құдайынан қорыққанынан екеуіне еншіге бір інген, бір құнан берген екен. Сол құнанды ерттеп мініп, ата қонысын іздеп, жас бала жолға шығып кеткен. Ауыл арасы бір күндік жер екен. Жиенінің туыстарын іздеп қашқанын естіген Ақбаланың ағасы:

- Қой, мұны елге қайырып әкелмесек, болмайды. Жалғыз қарындасым іш құса боп, қалған өмірі жылаумен өтер, - деп артынан екі-үш адам болып қуа шығады.

Нағашысы жиенінің жолда жатқан өлі денесін алып келеді. Астындағы атына қызығып жол тосқан қарақшылар өлтірді ме, жоқ болмаса, ауылға келе жатыр дегенді естіп, бәйбішелердің жансызы жазым қылды ма, ешкім білмейді. Жаңа-жаңа өзімен өзі болып, төркініме келіп, құрылған тұзақтан құтылдым ба деп жүргенде, баласының қазасы анасына ауыр тиіпті. Сөйтіп, бар қызығынан айырылған қаралы анамызға сол кезде әкеміздің көзі түсіп жүріпті. Оспан байдан алған он жылдық еңбек ақысын Ақбаланың ағасына әкеліп тапсырады да, қарындасын сұрайды.

- Жарайды, қарындасым жақында ғана жалғызынан, алданышынан айырылып, көзі жасты, көңілі қаралы болып отырғанда, «Мынау сенің теңің еді, мен сені осы жігітке бергелі отырмын», деп қалай айтамын? Бұрынғы көрген күніңді көре тұр. Араға жыл сал, сосын Ақбаламен өзің сөйлес. Егер екеуің жарасып жатсаңдар, менен қарсылық болмайды,- дейді ағасы.

Күндерден күн өтіп, Ақбаланың жарасы жазылмағанымен, қайғылы күні қашықтай келе, әкем анама сөз салады. «Өлген артынан өлмек жоқ», жалғыз ұлынан айырылып, туған ағасының қолында жылдан аса отырған Ақбала әкеме «кет әрі» демейді. Өйткені туған ағадан қиянат көрмесе де, жеңгесі отызға келіп қолына қарап отырған қайын сіңлісін енді қайтіп күйеу алмайтындай көрген. Шеттеніп, жақтырмайтын сыңайын таныған соң, Ақбала аға-жеңгесінің арасына кірбің келтірмей, жолымды табайын деп әкеме келісімін беріпті. Сөйтіп әкем мен анам қосылады. Бірақ, ешқайда кетпейді, әкем қайнағасымен бірлесіп, Оспан байдың жылқысын бағып жүре беріпті. Әкем мен шешем бала сүйе алмай жүріпті. Анам отыз жетіге, әкем қырық беске келгенше, үйінен жас нәрестенің іңгәлеген даусы естілмейді. Бірақ өздері сүйіп қосылған соң, бірінің көңілін бірі қалдырмай, баласыз тұрған жеті-сегіз жылдың ішінде «сен-мен» деген тілге келіспейді. Іштерінен тынып, бірін-бірі сырттай аяп жүріп жатқанда, бір күні мен келіппін жарық дүниеге. Өзі есейіп үйленген, өзі жалғыз әрі бір перзентке зарығып, жасы елуге келіп қалғанда, шөлдеп жүріп көрген соң, әкем мені қыз екен деп қарамайды. Әкем марқұм есі кете қуанып, баяғы Оспан байдан алған еңбекақысынан қалған жалғыз биесін, жаны садақа деп шалып жіберіп, өзі қатарлы кедей-кепшіктерге қолынан келгенше той-томалағын жасап тарқатады. Сосын, бір жеті өткен соң, мені бесікке саларда өзім Құдайдан тілеп жүргенде көріп едім, аты Тілебалды болсыншы деп атымды қойғызады. Міне, мен сол ата-анамның көптен күтіп жүріп көрген жалғызы екенмін. Менен кейін бала сүюді тағдыр жазбапты. Барымтаның заманы мен бидің заманы болды да, біз сияқты кедейдің балаларының көргені қорлық, арқалағаны азап болды ғой. Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымадық. Бала болып, құмарымыз қанып ойнаудың орнына, таңның атуы, күннің батуы, бір асам етті, бір үзім нанды үнем көріп, бай үйінің босағасын күзететін едік. Сонда бәйбішелер көріп қалса, иттен жаман тепкілеп, қуып тастайтын. Бала құрсағы ашыққан соң, нені тыңдасын, «сүйекпен ұрған ит қыңсыламайдының» керімен қайта сол босағаны аңдитынбыз. Өйтпегенде қайтесің. Ол күнде, кедей сорлының үйінде түйір дән болмайды. Қайдан болсын. Байлары қоралаған қойымен, үйір-үйі жылқысының қамы үшін қысы-жазы бір жерге тұрақтамай, жайылым қуып көшіп жүреді де, кедейлер ауыл, үй болып жұртта қалады, отырықшы өмір сүрмеген соң, егін салуды білмейді, сол себепті ашығады. Байлар болса бала-шағасы мен келген қонағы үшін қалаға мал айдатып, отырықшы орыс байларынан тары мен бидайды, астықтарды қажетінше сатып алып, келер жазға жететіндей етіп өзара бөлісіп, сатып алып қалады. Кедей сорлыларда ол да жоқ, бар болғаны бай малының емшегін сауып, сүтін ішкендеріне мәз. Сондықтан да тары-талқан аңсаған бала көңілі ай-шайға қаратпай, жетелеп апарып, байдың босағасынан бірақ шығаратын. Менің жеті жасар кезімде екі арысымнан да айырылып, аңырап жалғыз қалдым ғой. Мені жеті жасар күнімде айдалада ашық аспан астында жападан жалғыз жетім қалсам да, сол жазмыштың бұйрығы ғой, дәм-тұзым таусылмапты.Ол екі сорлы Ашаршылықтың құрбаны болды...Қай жылы екенін білмеймін, бір жылы қуаңшылық болып, жазда жаңбыр жаумады. Жер біткен қурап кетті. Әкем марқұм сонда:

- Ойпырмай, мұның түбі қалай болар екен?! Тек жақсылыққа соқса игі, шөптің қурап, жердің шаңдатқаны да ештеңе емес. Шыңырау құдықтардың сулары тартылып кетті. Жылқы біткеннің әрі оты, әрі суы қанбайтын бір керімге қалдық,- деп анама айтып отыратынын еститінмін. Жалғыз-жарым қарасына қыс түссе, бір тал шөп таба алмаған кедей байқұстар қыс ортасы болмай бар малдарын сойып алып, келер жылға тұяқсыз қалды. Жер басы қарая салысымен жан-жаққа кәсіп іздеп, қатын- баласын ертіп шұбап кетіп жатты.

Ол кезде кедей түгілі қыс бойы жайылыс қуып мал соңында киіз үймен көшіп жүретін байлар да қысқы қора салмай, шөп үймейтін салдыр-салақтықтарының арқасында әкем жалда жүрген Оспан байдың бар малы сол қыста қырылып қалды. Келер жылы жазғытұрым өрістің бойы көтеремнен өлген қойлар, ірі қара мен жылқының өліктерінен сасып кетті. Бір айналдырса, шыр айналдырады деген, қыста жауған қардың суы қайда кеткенін кім білсін, әйтеуір, жер басы қарая, күн жылына келе күн тағы да дауылдатып, шаңдатты. Сөйтіп екі жыл қатар соққан қуаңшылық бар күнін осы малға артып, киім, тамағын сол малдан көріп отырған қазақ ауылын қан қақсатты да кетті. Бір жұттық байдың малына қарап отырған бүкіл елдің аузы кеуіп-ақ шыға келді. Оспан байда ақшалай, алтындай, астықтай қанша қордың барын кім білген. Әйтеуір, елдің көргені, қоралаған қойы мен үйір жылқысы сол қыста қырылып қалды, келер жылға тігерге тұяқ қалмады. Өмір бойы бай үйінің қалған-құтқанын киіп-ішіп күнелтіп жүрген әкем мен шешемнің аштықтан ауыздары кеуіп, жұмыссыздықтан екі қолдары алдарына симайтын болды.Содан, «көппен көрген ұлы той» деп жөн-жөніне тарап-тарап, кетіп жатқан көп жалшылардың бірі болып, әкем де бізді ілестіріп жолға шықты. Шешем ауылдан кеткісі келмеді, «Тілебалды ұзақ жүрісті көтере ала ма, онан да елде қалған азғана ауылмен бірге күнелтіс қамын ойлансақ қайтеді», - деп.

- Менің де ойлап жүргенім осы жалғызымның қамы ғой, өзіміздің боларымыз болды. Бұдан артық бізге байлық та, жарлық та болмас. Ендігі қалған жерде жалғызымды қор қылмай, отырықшы орыс кедейлерінің арасына апарып, тұрақтап оқытамын. Солармен бірге еңбек етемін,- деді әкем.

Ол менің жетіні толтырып, сегізге аяқ басқан жылым. Содан бір үйдегі айналдырған үш адам бір-бірімізді жетелеп, жолға шықтық.Мен еркелігім бе, әлде бұрын-соңды ондай алысқа ұзап жаяу жүрісті көрмегендігім бе, келе-келе салт басымды да алып жүре алмай, жүк үстіне жүк болып, әкем сорлының арқасына мінемін. Ондайда ол кісі қабақ шытудың орнына «Ой, садағаң кетейін, құлдығым, шаршаған ғой, келе ғой! Мін менің арқама!»,- деп бір қамқор көңілімен аялаудан шаршамайды. Мен де ұялмаймын. Қайта анам сорлы:

- Ей, Тілебалды-ай, әкеңді аямаймысың?! Түссеңші енді, шаршаттың ғой, темірден жасалса да, -деп түсіріп алады

Содан жүріп келеміз, қанша жүргенімізді кім білсін, әйтеуір таңның атысы, күннің батысы жүріс. Неше күн жүргенімізді де білмеймін, көрген көздің қиянаты жоқ, талай ауылдарды артқа тастадық. Елсіз-күнсіз айдалаға да түнедік. Әбден қалжырадық. Әрі-бері жүрген соң, демалуды сылтау еткен әкем мен анам да отырған жерлерінде қисая кететінді шығарды. Сөйтіп келе жатқанда әкемнің бір күні түнде қол-аяғы күп болып ісіп шығып, ертесіне жүруге жарамай қалды... Айдала ашық аспанның астында, мүгедек әкемнің қасында, қаршадай қызы мен әйелі қалдық. Жол жүруге ауру аяқтың әлі келмейді. Әкем қанша ұлықсатын берсе де, тастап кетуге шешем екеуміздің көзіміз қимайды. «Қарының ашқанда, қара су көрінім жерге апарады» деген бе, әлде аш адам шөлдеуік келе ме, жолдың жиегіндегі көшпелілер қазған, терең құдықтың суық суын әкем екеуміз ішіп аламыз да, алданып жата береміз.Ақыры бұл тірлік әкемнің төзімін тауысса керек, шешеме:

- Не ойланғаның бар, жарқыным. Менің жатысым болса мынау, амалым бар ма? Әйтпесе «Берейін деген құлына әкеліп тастайды жолына, бермейін деген құлына, іздесе таптырмайды пұлына»,- дегендей, ендігі жерде Тәңір менің тілегімді бермейтін деген болар. «Адам күні адаммен» деп, сенен жалғыз тілегім болсын, бәріміз бірдей қырылғанша, енді екеуің маған қарайламаңдар! Осы жылдың сорабынан айырылмай жүре берсеңдер, көп ұзамай алдарыңнан орыстың поселкесі шығады. Аман-есен, соған бір жетіп алсаңдар, орыс мұжықтары сендерді өлтірмейтін еді-ау! Тез жөнеліңдер! - деді.Анам:

- Астапыралла, атай көрме, басымызға қиындық түскенде, бірімізді-біріміз айдалаға тастап, мына шынашақтай қызбен мені қайда барып жетісер деп отырсың. «Өлсек көріміз, шықсақ төріміз бірге болсын» деп, енді мені неге орындалмас тілекке қолқалайсың,- деп жылап қоя берді.

- Сені тастап ешқайда кетпейміз, - деп мен де еңіреп жылап жатырмын.

Ақыры әкемді тастап екеуміз де ешқайда кетпедік. Күн деген ыстық. Жата-жата жамбас ауырады. Оның үстіне азық та таусылуға таянса керек. Құмаршықтының талқанын күніге үш мезгіл қара суға былғап қоректенеміз. Әкем сорлы анамның суға былғап, берген жартымсыз талқанын аузына салмайтын болды. Үш тостағанға шылап берген талқанның бар қызығын мен көремін. Өйткені әкем өзінің тиесілі талқанын маған беретін. Ал мен болсам, «өзің неге жемейсің?» деуге де жарамайтынмын, апыл-құпыл, асып-сасып екі қарпығанда-ақ әлгі талқанды жоқ қыламын.

Сөйтіп асыраған ардақты атаның баласы едік, қайтейін, бірақ жанына арашасы бола алмадық. Әкем әбден жүдеді. Әбден жүдегенде, қос ұрты суалып, көзі шүңірейіп, танауы қусырылып, терісі, еті қашқан соң, сүйегіне жабысып қалады екен. Сонан соң бір қараға жеткізсем аман қалар деп, бір күні кешке қарай, түнгі салқынмен шешем әкемнің шекпеніне барымызды салды да үстіне әкемді жатқызып алып, екеулеп сүйрей бастадық. Күндіз, аптап ыстықта тырп етерге халіміз жоқ, түнде қай уақытқа дейін жүргенімізді кім білсін.Анам сорлы сәл жүргеннен кейін сүрініп құлайтынды көбейтіп жіберді. Сонда да «жазған құлға шаршау бар ма» деп әкемнің сәл ыңырсыған даусы шықса болды, қасынан табылып, аузына қара су болса да тамызып, басында отырады. Сөйтіп жүргенде, жол азық еткен құмаршықтың талқаны да таусыла бастады. Өліп-талып бір ауылға жеттік-ау. Өмірі киіз үйден басқа ештеңе көрмегендіктен бе, анам екеуміздің қиық төбелі, көздері жылтыраған тастан салған үйлерді көргенде, «Бұған қайдан келдік?» деп анам байғұс зарлап қоя берді.Діңкесі құрып жатқан әкем сорлы бар қуатын жинағандай ернін азар жыбырлатып:

- Е, құлыным, неге жылайсың?- деп шүңгірейген көзін әзер ашып, айналасына қарап, - Үф, Тәңірі-ай, тілегімді берген екен. Енді жұбанарсың,-деді де ақтық рет аузын бір ашып, жүре берді.

Міне, шырақтарым, әкем марқұм сонда аурудан емес, аштықтан өлді.Орыс ауылында Алексей, Марфа дегендердің үйінде тұрдық. Шешем екеумізге қамқор болып, Алексей мен Марфаның шаруасы да біздің елдегі кедейлеріміз сияқты шағын екен. Мал дегеннен, 5-6 мегежін, бір торай, бір пар өгізі мен «Мая» атты емшегі жер сызған жалғыз сиыры, бір мініс аты бар еді. Қашанна отырықшылыққа үйренген орыс кедейлері бір ғана мал емшегін емес, жер емшегін де емеді екен.Біздің Алексейдің де күнелтіс көзінің байлығы осы жер ана болды. Жаңағы бір пар өгізімен көктем шыға, өзіне қажетті жерді жалғыз түренмен жыртып, қолда бар тұқымын сеуіп тастаған Алексей, соған қоса судың жағасын ала бақша салып тастайды екен. Дегенмен кешегі күні аштықтың ала дауылынан құтылғанымызбен менің бала көңілімде де, анамның жүрегінде де Алексейдің ақ нанына тойынған сайын:

- Әттең, көкем де біз сияқты осы ауылға аман жеткенде ғой, өлмей тірі қалатын еді,- деген өкініш көпке дейін, тіпті қашан сол Алексейдің босағасынан аттап кеткенше есімнен кетпей жүрді.

Есімнен кетпей жүрді деймін-ау, оның естен сірә да қалып, ұмыт кезі болар ма? Ең жаны ашыр жақыныңның ауырмай-сырқамай көз жұмғаннан жаман нәрсе болар ма?!. Қазақтың «Әкең аштан өліп пе еді?!» деген жаман мақалы да осыдан қалған болса керек. Менің жалғыз түйір дәнге зар болып өлген әкемнің сол бір кезі көз алдымда көлбең қағып, өмір бойы өзегімді өртеп, күні бүгінге дейін кеткен емес, қарақтарым.Алексей мен Марфа үйінде жайлы орналасып, ашыққанда емеспіз, сөйте тұра анам елге баруды жөн көрді. Алексей мен Марфаның тағы 1 жыл қала тұруына көнбеді. Анам екеуміз ауылға арбамен жеттік.Ауылдың жағдайы да мәз емес екен. Келгеніміз де құрсын, баяғы Алексей айтқандай біздің ауылдың, ауыл дейтін сиқы қалмапты. Анам байғұстың жалғыз ағасы бар еді. Ол елде болмай шықты, ауыл адамдарының айтуына қарағанда, ол кісі де біздің артымыздан көп ұзамай, қатын-баласын алып кеткен екен, содан оралмапты. Тірі ме, өлі ме, ешкімнің хабар-ошары жоқ. Не керек, баяғы ауылдың түрі жоқ. Анам енді осы жерге келгеніне өкінді. Сонымен ел-ел деп емешесі үзіліп, түн ұйқысын төрт бөліп келген шешемнің елдің сиқын көргенде жүрегі шәйіліп, не істерге айла-амал таппай, бұрынғыдан да жаман ұнжырғасы түсіп-ақ кетті. Ендігі қалған жерде мені өлтіріп алармын деп қауіптенді ме, ауылда бір жетіден артық болмай, Алексейді іздеп, келген ізімізбен қайта жолға шықтық.Күн адамның апшысын қуырып, биыл да баяғы әкем сияқты бәріміз жолға шығатындай ысып тұр. Әкем жалшылықта болған бай ішер азығымыз болағн бір қап астықты жолда бізді тонап, тартып алды. Қалған бидайды күнігі екі-үш мезгіл аузымызға шикідей салып шайнаймыз да, суын сорып, жүрек жалғаймыз. Сөйтіп жүргенде, менен әл кетті. Екі аяғым жүруге жарамай, күлдіреп қалды. Шешем арқалап алды. Қанша жүргенімізді, ол жерге қалай жеткенімізді мен білмеймін, кейін Марфа мен Алексейден естігенім: сол хутордың жекеменшік малын бағатын Микола деген жалғыз басты орыс шал бар еді. Міне, сол кісі ертеңгісін малын өріске айдап шықса, ауылдан түстік жерде сиырлар өкіріп-бақырып, топталып қалған соң барса, жолдың жиегінде өліп жатқан анам екеумізді көрді. Бізді танып, Алексей мен Марфаға хабар береді.

Қанша дегенмен әкемнің де, анамның да тілегі дұрыс адамдар болды. Тағы да баяғы Алексей мен Марфа бүкіл ауылдастарымен жабылып, өлген анамды әкемнің қасына апарып жерледі. Кейін есейе келе Марфадан естігенім, бұлар анам екеумізді тауып алғанда, менің аузымда кір-кір сулы шүберек жатады, қойнымнан да сондай кір шүберекке түйген бір уыс ақ бидай шығады. Әбден тірі екеніме көзі жетіп, кеудемде шыбыным бар екенін білген Алексей менің қарысып қалған жағымды ашып, әлгі шүберекті суырып алса, түйген шикі бидайдың жармасы бар екен. Шамасы, анам сорлы жүрегім үзіліп кетпесін деп аузыма салғаны ғой деп түйдік. Сонда өзінің де аман қалуына болар ма еді, егер менің қойныма тыққан бір уыс бидайды өзі алып жегенінде.Міне, қарақтарым, ана деген асыл адамның, жан жүрегін жарып шыққан балапанына аяр ештеңесі жоқ екенін мен алғаш сонда көріп білгенмін. «Балам, баланың қадірін балалы болғанда білерсің», дегендей, алғашқы тұңғыш баламды сүйгенде, сол анамның бауырмалдығы өз басымда да болды. Ананың баладан аяр жаны жоқ қашанда. Ұшқан құс, жүгірген аңға дейін сол баласы үшін отқа да, суға да түседі. Сол сияқты менің анам да жалғыз уыс дәнін өзі жемей, менің тірі қалуыма септігі тие ме деп, өз жанын құрбан еткен. Кім біледі, шынында да сол бойда менің өмірімді сақтап жеткізген, аузымдағы бір шөкім шикі бидайдың дәні болар?..Қалайша осы дәннің құрбаны болмайын, қарақтарым-ау, осы бір уыс бидайға қолы жетпей, сол бір сұрқия заманында ата-анам аштан өлсе?!. Сол бір уыс дән өз өмірімді сақтап қалып, арманда қалдырған көзіндей, өзімнің жапырағымды жайып, сендерді сүйуге жеткізген жоқ па? - Төгілген дәнді, шашылған нанның қиқымын көрсем, өзімді-өзім ұстай алмай қалатын сондай жаман әдетім бар, қарағым. Тағдыр талайларыңа тап қылған бақтарыңды көпсінбесін! Бар бола бер, мол бола беріңдер! Жалғыз ғана тілегім: нан мен дәнді ысырап жасай көрмеңдер, қарақтарым! - деп енем көзіне жас ала әңгімесін еске алушы еді.Сонау аштықта көрген балалық шағының ащы шақтарын асылай әңгімелеп:

-Қарақтарым, нан атасы - дән, нан қоқымын, дәнді ысырап етпеңдер! - деп өз ақылын айтудан жалыққан емес қарт ана.

Жазып алған
Қошманова Жазира
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті
1  2  3  ... 5 
Кіру Формасы
Жаңалықтар күнтізбесі
«  Октябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031
Іздеу
Сайттың достары
Rambler's Top100