Вторник, 24.10.2017
NAUBET
Сайттың мәзірі
Бағалау
Оцените мой сайт
Жалпы жауабы: 187

Тоқбай Аманқұлұлы

Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында туратын менің кіші әкем Тоқбай Аманқұлұлы 1931-1933 жылдардағы ашаршылықты былай деп еске алады:

Ескелді-би, Балпық-би бабаларымыз Сыр бойынан елін көшіріп келгенде Бәйшегір бабамның ұрпақтары, «әрбір ши түбінде бір табақ ет, Балқаш көлінің тереңінде таусылмас маржаны, балығы бар, елімнің ырысы екен, елім тоқ болады екен» - деп, осы Қаратал өзенінің бойын Балқаш көлінің кұйғанына дейін таңдап алыпты дейді . Бәйшегірдің ұрпақтары Мықтыбек, Тілеуқұл бабаларымыз, Мықтыбектің баласы Бақай батыр, қазақ халқына аты белгілі Жәлменде-би, оның баласы Пышан - Қаңғай деген жерге қоныстанады. Солармен бірге сол Қаңғайды менің төртінші атам –Байтерек те мекен еткен екен. Бәйшегірден Байтерекке дейін менің аталарым төменгідей жалғасады: Бәйшегірден Тынымбет туады, одан Тағымбет, Тағымбеттен Жоламан, Жоламаннан Жанту туады, Жантудан Байтерек туады. Менің бабам - Мазабек, Жылқайдар атамның әкесі, алты ағайынды болған екен: Мазабек, Тазабек, Тастан, Аманқұл, Смағұл және Бейсенбай. Ашаршылық жылдары олар Қаратал өзенінің бойында «Қаңғай» деген құтты қонысын тастап, Талдықорғанға қарай жаяу-жалпы босыған көрінеді. Мазабек, Тазабек, Тастан бала-шағасымен Ешкіөлмес тауының бөктеріне жетеді. Ал Аманқұл, Смағұл, Бейсенбай Үштөбе қаласының маңайындағы қазіргі Новый мир ауылына әрең-әрең жетіп, сол жерде қалады. Бұл жерге келгеннен кейін темір жолды жағалап, қайыр тілейді. Баспана да жоқ жардың астын паналайды. Аштықтан бала-шаға қырыла бастайды, Бейсенбай қайтыс болады. Аманқұл да өлім аузында жатқаннан кейін, інісі Смағұл өз басын өлімге тігіп, бір түні ат ұрлауға барған жерінде, кімді-кім аяған заман, Смағұлды аттың иесі атып өлтіреді... Көп ұзамай Аманқұл да қайтыс болады. Аманқұлдың төрт баласы бар екен - Ақбай, Ақбар, Тоқбай, Қазтай деген. Әке-шешелері қайтыс болғаннан кейін Тоқбай мен Қазтайды детдомға алып кетеді. «Ақбай мен Ақбар туралы осыдан кейін ешқандай хабарым жоқ. Ашаршылық жылдары аштан өлген болар», - дейді үлкен бауырлары туралы Тоқбай атай.

Балалар үйі қазіргі Көксу ауданының Талапты ауылында болған болуы керек, ел ашаршылықтан шыққаннан кейін Тоқбайды іздеп жүріп, 5-6 жылдан кейін Аманқұлмен бірге туған Мазабектің үлкен баласы Жылқайдар тауып алады да бауырына басады. Ал Қазтай болса детдомда жүргенде қайтыс болады. Ел ашаршылықтан шыққаннан кейін төменгі Қараталдың Балқаш көліне құйғанында балық колхоздары ұйымдаса бастайды. Сол кезде Сарыесік, кейіннен Киров атындағы колхозда Кенебай әкеміз (Жантумен бірге туған Бармақтың балалары) бастық болыпты. Жұмыс күші аз, колхозға мүшелер тарту керек заман. Қыстың көзі қырауда, Кенебай әкеміз ,әйелі Рабиғамен екеуі екі ат шанамен келіп Ешкіөлмес тауының бөктерінде қоныс теуіп отырған Мазабек балалары Жылқайдар мен Игенбайды «бірге боламыз» деп көшіріп алып кетіпті.Содан бастап Жылқайдар мен Игенбай бала-шағасымен Балқаш көлінің жағасында өмір сүріп, өніп-өсті. Топырақ сол жерден бұйырды, екеуі де Көпбірлік ауылында жерленген.1931-1933 жылдардағы нәубат, ашаршылық қырғыны тек бір ғана Аманқұл атамыздың отбасынан оншақты адамның қаза болуына әкеліп соқса, ал жалпы қазақ халқының басына түскен «ақырзаман» болмағанда немене?! Одан бері 70 жылдан астам уақыт өтсе де, сол нәубаттың запыраны осы уақытқа дейін әлсін-әлсін ауызға келеді.Неге дейсіз ғой? Тоқбай атамыз әке-шешесінің, бауырларының сүйегінің қайда қалғанын осы күнге дейін білмейді. Аруаққа құрмет көрсетіп, басына белгі қоя алмады, аруақтарына арнап Құран оқыса да көңілі пәс екенін налып отырып әкемнің інісі, кіші әкем Тоқбай қария өз әңгімесін аяқтады.

Жазып алған
Мазабеков Марсұлан
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Ахметжанов Ануарбек

Ахметжанова Ляззат Ануарбекқызының (жасы 40) әңгімесінен:

- Менің әкем, Ахметжанов Ануарбек, 1924 жылы Ақсу ауданы, Абакумовка деп аталатын 11-ші ауыл деген жерде дүниеге келген (қазіргі Жансүгіров ауылы).Әкем 1931 жылы ашаршылық басталғанда, 7 жасында болған еді. Ол кісі былай айтатын:

- Қазақ халқының басына өте қиын жағдай туған жылдарды басымыздан өткіздік. Ауылдың талай тұрғындары аштықтан қырылып, босып, тентіреп, басқа елдерге қашып, оған қоса өкімет көбісін жала жауып, ату жазасына кесті.

Солардың ішінде анам Фатиманың әке-шешесі де бар еді. Менің шешем, Ахметжанова Фатима, 1932 жылы дүниеге келген. Ол кісінің әкесі сол жылдары, яғни 1932 жылы, бидай тарататын жерде жұмыс істеп жүргенде бидай ұрлады деп жала жабылып, ату жазасына кесілген.Шешесі күйеуінің ату жазасына кесілгеннен кейін бір жетіден соң кешке тамақ іздеп жүріп, адам жегіштерге ұрынып, олар оны жеп қойған. Фатима шешем туа сала жетім қалған. Шешем өзінің әке-шешесі кім болғандығын, олардың есімдерін де білмейді. Оның басынан көптеген қиыншылықтар өткен. Оны шешемнің сіңілілері Қапия, Сапия деген кісілер асырап алған.Әкем бұл әңгімелерді кішкентай кезімнен бастап айтатын. Осы әңгімелерден жүрегім ауырып, көңілді қорқыныш сезім билейтін. Сонан кейін мен әкеме «бұл туралы айтпаңыз, түнде түсіме кіреді» деп айтатынмын. Әкем соғыс ардагері. Ол кісі үйге қонаққа келген кісілермен осы жылдар туралы көп әңгімелесетін. Әкем осыдан екі жыл бұрын қайтыс болып кетті. Ол кісі тірі болғанда сол жылдар туралы көптеген ақпараттар алуға болар еді.

Жазып алған
Майемгенов Ерлан
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Фарида апай

Ашаршылық жайында біраз мағұлматтар алсам деген оймен апамды әңгімеге тартқан едім. Ол кісінің есімі Фарида.

- Біріншіден, апа, өзіңіз туралы қысқаша айтып, таныстырып өтсеңіз.

- Е,шырағым, өзіме келер болсам, мен 1925 жылы 8-наурызда дүниеге келдім. Үйде баладан бауырымыз екеуміз ғана едік. Ес білгелі жанұямызбен дінге берік болып, бір Аллаға сыйынушы едік. Әкем ауылдың үлкен молдасы. Мен 7 жасымнан бастап намаз оқып, ораза ұстайтынмын. Биыл, міне, жасым 81-де.

- Біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз Ашаршылық жайында. Сол туралы айтып берсеңіз.

Бұл сұрақ апамызды толғандырды ма, ол қалтасынан орамалын алып, қатпарланған бетін сүртіп, ауыр күрсінді де, сөзін әрмен қарай жалғастырды.

- Ашаршылық деп жатырсың ғой. Оны білгенің жөн, балам. Естір құлақ болса, айтар сөзім дайын.

Мен ол кезде жасым 7-8 жас шамасында болсам керек. Баламыз ғой, бірақ санамыз анағұрлым жоғары болатын. Әке-шешеміз де бізді бала демейтін. Жұмысқа ерте орналасқандықтан ба, жоқ, әлде әкеміздің қатал мінезінен қорыққандықтан ба, әйтеуір білмедім, бір жарқырап күліп, бала болып ойнап жүрмеуші едік.Орып кеткен бидайдың артынан масақ теретінбіз. Шөптен көже жасап ішетінбіз. Үйге күндіз кіре бермеуші едік, кірсек қарынымыз ашып, асқазанымыз шұрқырап, басымыз айналып, өзегіміздің талатынын білеміз де, кері айналып, шығып кететінбіз. Шешем бізді ойлап, атасынан нан ұрлап, болмаса бидай ұрлап әкелетін. Далада оны-мұны жұмыстар жасап, кештің батуын күтетінбіз. Қараңғы түссе әке-шешеміздің әкелген бір аяқ бидайын дереу қуырып жеп, жатып қалатынбыз. Азанда масақ теруге шығып кететінбіз.

- Кешіріңіз, ойыңызды бөлгенім үшін, сөзіңіз аузыңызда. Осы жерде бір сұрақ туады. Жоғарыда айтып өттіңіз ғой «намаз оқимын, ораза ұстаймын» деп, сонда ұстаған оразаңызға, оқыған намазыңызға Ашаршылықтың кесірі тиді ме?

- Әрине тиді, бірақ біз дінді одан да жоғары қойдық. Күндіз бес уақыт намазымызды қате жібермейтінбіз. Құран мен нанның қасиеті бірдей ғой. Құранды аяғыңың астына қойып нанды алуға болады дейді ғой.

Балам, саған мына бір шынында да болған оқиғаны аңыз қылып айтайын. Бірде кесапат әйел баласының құйрығын нанмен сүрткен екен, сонда Алла- Тағала жердегі жайқалған бидайды көкке ұшырып әкетіп бара жатқан екен. Сол кезде ит тұрып, «Мені қайда тастадың, менің ырыздығым қайда?» деп Құдайға жалбарынып жылаған екен дейді. Сонда Жаратушымыз:

- Сен аузыңды толтыра қапсырып тістеп қал, сол сенің несібең!- деген екен.Мына жеп отырған нанымыз «иттің ырыздығы» деген сөзде содан қалса керек.

болатұғын. Жерге дән қалмаған соң, әкем бір саулықты сойды, соның етін талшықтап, өлмес әл-ауқат құрып жүрдік. Үйде артық бидай қалса, көршілерге таратып немесе үйге шақырып, шуылдасып жүретінбіз. Жаздыгүні күн ұзақ, өзі ыстық және тіпті ауыр болатын бізге. Ерніміз кезеріп, ішіміз бұралып жүретінбіз. Көп балалы отбасыларға тіптен қиын еді. Бытырап жан-жаққа жаяу кететін еді. Сол жылдары бидай аз шықты, кейбір жерлерде мүлдем шықпады. Шыққан бидайды байларымыз қамбаға салып отырды, қалғанын малдарына берді. Ес білгелі көрген-білгенім осы .

- Сізге қояр менің соңғы сауалым. Сол кезде қайтыс болған ата-әжелерімізге, аға-қарындастарымызға кейініректе ас беріп, Құран бағыштадыңыздар ма?

- Онсыз бола ма. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар қазақта. Жыл сайын ас беріп, құран оқытып, бейіттің басына барып, мал сойып еске алып отырамыз. Бейіт басына барған сайын өткенді еске алып, енді келер ұрпағымызға аштықтың жетпеуін тілейміз.

- Апа, әңгімеңізге көп-көп рахмет! Деніңізге Алла қуат берсін. Ашаршылық туралы біраз өзекті сыр шерттіңіз.

Жазып алған
Қарлығаш Сәрсенбаева
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Кәсілің Еділұлы

…Сол қатыгез кезең ешкімге аяушылық көрсетпеді. Қаншама халық қырылды, қаншасы босып басқа елдерге бастарын сауғалап кетті. Міне солардың ішінде менің де атам болған екен.Атамның айтқан бір әңгімесі бар еді. Ол әңгімесі маған сол кезде қорқынышты аңыз сияқты көрінетін. Атам қазір 76 жаста, аты Кәсілің Еділұлы, 1932 жылғы. Ашаршылықтың ащы дәмін татпаса да, қиыншылығын көрген екен. Атамның әкесі 1896 жылы дүниеге келген екен. Аты Еділ, руы -найман, Семей өңірінде тұрған деседі. Атама бұл әңгімені ағалары айтып беріпті. 1929 жылдары байлардың малдарын кәмпескелеп, ауылдарды біріктіре бастағанда, Еділ атамыз оған көне алмай, туыстарын жинап алып Қытайға қашпақшы болған екен. Бірақ ол шарасы іске аспай қалып, қаша алмай қалады. Араға бір жыл салып атамыз әрекетін тағы да қайталайды... Кәсілің атамның ағасы Аутәліп ол кезде ес жияр 14-тегі бала екен. Аутәліптың айтуынша, 1929 жылдардан бастап Еділ ата шаңырағына көп соққы тиген, мал-мүлкінен, баласы мен әкесінен айрылған екен. Ашаршылық олардың да төрінде болған. Емшектегі кішкене баласы аштыққа шыдай алмай өліп кетіпті. Қыстың қақаған суығы да келісіп алғандай қатты тиіпті. Малдары суыққа, аштыққа шыдамай, жаппай қырылған. Аталарымыз күнде қорқыныш, үреймен есікке қарайды екен. «Есіктен,- дейді атам, - өлім әкелушілерді және мал-мүлікті тәркілеп жүргендерді ғана күтіп отырасың, көрші үйлердің есігін қағып, бір-бірінен нан сұрап жургендерді көресің».Аштықта сойып жер малы, бір тілім нансыз қалған олар, амалсыздан туған жерлерін тастап Қытайға, Алтай өңіріне кеткен екен. Жолда қаншама қиыншылық көріп, өліп-талып жеткенде, ол жақтан да тыныштық таппапты. Сөйтіп атамның әкесі Монғолияның таулы жеріне бет алып, сол жерден пана тапқан екен.Қазақ халқы 1991 жылы егемендігін алғаннан кейін, туған елге- туған жерге жол ашылып көшіп келген екен. Міне, атам Еділ ұлы Кәсіліңнің әңгімесі осындай.

Жазып алған
Мамық Алтын
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Көпбосынов Кеңесбай

Көпбосынов Кеңесбай, Алматы облысы, Балхаш ауданы, № 1 Көкжиде ауылында туған. Сол кісіден естіген әңгімені келтірейін. Біздің № 10 ауылда «Ақкөл» совхозы болды, онда «Ойбай шеңгел» деген жер бар. Ол неге солай атанды десек, шеңгел қалың болып жолдың екі жағында өседі екен. 1931-1933 ашаршылық кезінде осы жолмен келе жатқан жаяу адам болсын немесе атты жолаушы болсын, соларды атып өлтіріп, етін жеген деген әңгіме ел арасында көп айтылатын. Сол себептен адам өлер алдында тосыннан болған оқиғадан «Ойбай!» деп құлап өледі екен. Содан «Ойбай шеңгел» аталып кетіпті.

Жазып алған
Шолақов Бекзат
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Қайыпбай ата

Менің нағашы атамның аты Қайыпбай. Ол кісі қазір 70 жаста (1938 туған). Оның әкесі Беке, руы – суан, оның ішіндегі ақша.Осы Беке атамның ашаршылық кезіндегі көрген оқиғаларын менің анама және тағы да басқа кішкентай немерелеріне әңгімелеп берген. Соларды келтірейін... Жаркент өңірі Ынталы ауылында туған атам Ашаршылық кезінде 30-35 жас аралығында екен. Атам аңшылықпен айналысқан. Өзінің жанұясын, туыстарын аң атып асыраған. Аң еті арқылы Ашаршылықта өздерін аман алып қалған.Атамның айтуы бойынша, көптеген бай-ауқатты адамдар өздерінің мүліктерін сақтап қаламыз деп Қытай еліне тау арқылы өтіп кеткен. Ал кейбіреулері бір биік таудан аса алмай аштықтан өлген. Қазіргі кезде Жаркент өңіріндегі ол тауды «Адам қырылған» деп атайды. Сол таудан әлі күнге дейін адам сүйектерін , байлардың тыққан алтын, күміс, тағы да басқа асыл тастарын табуға болады дейді ел.Атамның айтуы бойынша, кейбір адамдар бір-бірінің етін жеп, өлген малдардың сүйектерін теріп алып, оны әбден қайнатып, сорпасын ішкен екен. Адамардың бір-бірінің етін жеуі мүмкін дегенге көп адамдар бүгінде сене бермейді. Бірақ сол кездегі ашаршылықтан адамдар адам етін жеуге мәжбүр болған.Менің атамның сол кезде өте нашар тұратын көршілері болған. Олардың жанұясында бес адам болған. Екі ұлы, келіні және немересі, кәрі аналары болған. Кәрі аналары аштыққа шыдай алмай қайтыс болады. Ал балалары анасын көмудің орнына, оның етін пісіріп жеген екен. Сол оқиғаны үйіндегі кішкентай немересі көрші балаларға айтып қояды, содан бұл оқиғаны бүкіл ауыл естиді. Көптеген адамдар болған жағдайға теріс қарап, кемпірдің балаларының маңына жолауға қорыққан. Ал кейбіреулері аштықтан қиналғандықтан көршілерінің істерін қайталаған дейді атам...

Жазып алған
Тиынова Самал
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Туғанбаева Қамила

Алматы облысы Қаратал ауданы, Қаңбақты ауылдық округының Алмалы ауылының тұрғыны 1914 жылы туылған Туғанбаева Қамила 1931-1933 жылдары 16-17 жастағы бойжеткен қыз екен. Ол кісі өзінің басынан өткенін былайша әңгімелейді:

- Бұл өңірдегі халық мал бағады. Өкімет келіп қолдағы жалғыз сиырға дейін малды тартып алып, айдап әкетті. Халық қиналып қалды. Елдің біразы Қаратал мен теңіз жағалап, балық аулап күн көрді.

Елдің көбі қазіргі Алмалы ауылынан 170 шақырым жердегі Үштөбе теміржол станциясына қарай босыды. Үштөбеде ол кезде ет комбинаты мен күріш егетін егіс даласы бар үлкен елді мекен болатын. Олар қазір де бар. Сонда жұмыс бар деген соң біз де: әке-шешем, бауырым Әбутәліп төртеуміз Үштөбеге қарай жолға шықтық..

- Сол бір қиын кез болды ғой!- деп көзіне мөлдіреп келген жасты қарт ана жасыра алмады.

Әке-шешем сол жақта, яғни Үштөбеде, қайтыс болды. Ол жақтың да адамдары жетісіп жатқан жоқ екен. Халық аш. Аш адамдар жан-жақтан күнде ағылып келіп жатады. Бойнаның (мал соятын орын) маңында қырылып жатқан адамдар. Мен күріш тазалаушы болып жұмыс істедім. Бауырымды балалар үйіне өткіздім. Ол менен үш жас кіші болатын. Жазда оларды Алматыға алып кетті деп естідім. Күзге қарай қайтып келді. Олар Алматыға барғанда бас киімдерінің жыртығына алма тығып сатып, жан сақтайды екен. Күзде келгенде алма сатып, жинаған ақшаларын маған беріп жатыр. Балалар үйіндегілердің айналысатын ісі - егістіктен масақ теріп, соны пісіріп, тағам қылады екен. Інімнің әңгімесі. Сол жылы қасқыр да көп болып, олар да адамдарды жеді. Балалар масақты теріп, от жағып, отты айнала қоршай тамақты пісіріп отырғанда, айнала отырған балалардың бірі Төлтайды қасқыр іліп алып тұра безеді, қайта сол жерде отырған балалар шуылдап жүріп Төлтайды аман алып қалыпты.

Мен Үштөбеде жүріп, елде «Көпбірлік» колхозының ашылғанын естіп, төрт адаммен бірігіп, ауылға қайттым. «Көпбірлік» колхозына келіп, артелге жұмысқа кірдім. Күні-түнімен теңіздің үстінде балық аулап, сүзекі тартамыз, әйтеуір қарның тоқ, ел қатарына сөйтіп жүріп қосылдық қой. Біраз ес жинаған соң, балалар үйіне хат жазып, бауырым Қарымсақов Әбутәліпті іздеттім. Хат жазғаннан кейін, он күн өтпестен жауабы келіп, бауырымның мекен-жайын содан алдым. Сөйтіп, бауырымды тауып алдым, бірге болдық, кейін ол оқуға түсіп қалаға кетті, ал мен күйеуге шығып, осы ауылда қалдым. Сөйтіп, жылдар зулап өте берді, өте берді. Міне, қазір 94 жастамын. Ауылдың үлкен ақсақалдары менің баламмен қатарлас. Көзімнің нашарлау көретіндігі болмаса, әлі де далаға өзім шығып-кіремін! - деп аяқтады өзінің сөзін қарт ана.

Жазып алған
Манапбай Айна
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Кәрімұлы Әскен

Қиын жылдарды өз көзімен көрмесе де, әкесінен өз құлағымен естіген біздің жерлесіміз, Кәрімұлы Әскен атамыздың сол қиын-қышар жылдардағы болған оқиғаның біріне тоқталсақ.«...Әкемнің аты - Кәрім, ол 1906 жылы Балқаш ауданында туған еді. Отбасында 12 бала болған екен. Әкем сол он екі баланың алтыншысы. Ол кездерде қайтсем де дүниеге әкелген балаларын жеткізіп-тәрбиелеймін деп жүгірген атам байлардың ірі қара малын (сиырларын) бағып жүріпті, әжем болса кешке дейін үй шаруашылығымен айналысып, он екеуіне қарап, тамақ пісіріп отырған екен. Әкем еске түскен кездерін анда-санда айтып, бір көңілі босап отыратын. Әкемнің айтуы бойынша, тып-тыныш өмір сүріп отырған қазақтардың күй-жайын құртқан құрғыр орыстар!. Әкем 80 жыл ұзақ өмірінде жұтшылықты да соғысты да көрген адам болатын. Өзі соғыс ардагері, екінші топ мүгедегі болатын. Айтуы бойынша, соғыста су жұтып, немістерге қарсы шыға алған, ал ашаршылық кездерінде, дұшпанға қарсы шықпақ түгілі, өздері жүнжіп, шөп тамырларын жеп тірі қалған екен.Атамның біраз малы болыпты. Күні кешкіге дейін әкем ағаларымен сол малды бағып, күндерін өткізіп жүрген балалар қатарында болыпты. Шұбыраған малдардың ішінде әкемнің дәу Көк сиыр деп аталатын сиыры болған екен. Атам мен әжемнің айтуы бойынша, әкем кіші кезінде сол бұзауға ғана көңіл аударған екен. Ол кезде кім білсін, оның кейін біздің жанұямызды құтқарып, шөлдерін қандырып, ауыздарын жібітетінін... Қиын жылдарда орыстар келгенде, біздің ойнап-күліп, жүгіріп жүрген күніміз бірден тыйылды. Есімдегісі, оңбаған Голощекин қыстыңғы күні барлық қойлардың жүнін қырқытып, не елге жоқ, не жеуге жоқ қылдырып, бәрін құртқандығы. Малымыз бір мезетте күрт азайды. Әкем айтушы еді: «Мен өлсем де, кейін сендердің бәріңді жеткізетін осы мал, соған дұрыс қараңдар, күтіңдер, ұрлатпаңдар!». Енді сол малды ешкімге ұрлатпай-ақ көзімізше өзі қырды...

Кім білсін, сондай көп малдың ішінде көк сиырдың ғана тірі қалып, аштан бұралып, тоңып жатқанымызда көк сиыр сүтін беріп, суық болғанда бізді жылытатынын. Кейінгі кезде ешқандай күші жоқ болса да бізге жылуын берген. Жеуге тамақ жоқ болғанда, ішуге су болмағанда, көк сиыр сүтін берген.Күндер өте ең сұмдық іс басталды. Аштықтан бұралып, алдымен қарындасым, оның артынан бауырым кетті. Жалғыз сиырдың бір құлағын кесіп жеп, қайнатып сорпасын ішкенбіз. Міне, сондай қиыншылық көрдік. Қасиетті малымның етін жеймін деп, соңымнан еріп жүрген бауырым да кетті о дүниеге. «Осының бәріне кінәлі болған орыс оңбағандарға қарсы шығамын!» - деп кіжініп, кегін алуға кеткен әлсіз әкем де оралмады... Соныменен анам екеуіміз ғана, аман қалдық. Анам ауырып, шамасы болмаса да, тырысып, талпынысып, жанталасып жүріп тірі қалдық.Масақ теріп, оны келіге салып үгітіп, талқан қылып жейміз. Сонымен қатар шөп жеп, өсіп тұрған ағаштардың жапырақтарында қалған су тамшыларымен ауыздарын жібітіп, тірі қалдық. Бұндай сұмдықты көзбен көрмей-ақ, құлақпен естігеннің өзі қандай қорқынышты! Әуелі, әкемнің айтуы бойынша, кейінірек өлген адамдарды қазанға салып, қайнатып жеген жанұялар да болыпты. Қандай жұтшылық, өзінің ішінен шыққан адамды қазанға салып қайнату дегенің! Үйде біреу әлсіреп, ауырса, аш отырған туысқаны қуанады екен. Ол кездерде қарынның ашқаны соншалықты, анаң қайсы, әкең қайсы, сол сияқты інің, қарындасың қайсы екенін ажырату мүмкін болмаған екен. «Астыққа бай болған қазақ, егілген астыққа дейін айрылып, аяғы соның жемісін де жемеген. Ағып жатқан өзенге барлық жиған тергендерін, өсіріп-еккен егіндерін лақтырған оңбаған орыстар, аш жатқан қазақтарды аяғымен теуіп, Голощекиннің айтқанымен жүрді!» - деп айтып отыратын әкем. Менің ойымша, әкеме атам барлығын айтпаған секілді, қаншама жыл көрген қиыншылықтарын, ауыртпашылықтарын ұмытуға тырысты...Аш-жалаңаш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендері, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақтарды түк қоймай жеп қойғаны жан түршігерліктей.Мұрынова Қайынжамал Сейітқызы Сарқан ауданы Бақалы жерінде 1924 жылдың 22 наурызында жерлесіміз туған. Апамыздың жас кезінен көрген қиыншылықтары көп, олардың өте ауыр болғандығын айта келе, ол өз сөзінде былай деді:

- Жанұямызда әкем, шешем, төрт бауырым, екі сіңлім болған. Ең үлкені мен болдым. Әкем мен төрт бауырымды соғысқа қатысады деп біз көрмеген, білмеген жерге алып кетті. Түнде екі солдат келіп «Үйдегі ер адамдарды соғысқа жинап жүрміз, кіші болсын, үлкен болсын, дайындалсын, қазір келіп алып кетеді»,- деп айтып кеткен соң, әкем мен төрт ағама шешем бір шелек бидайды қолына ұстатып үлгерді. Сол беттен, мен әкем мен бауырларымды көрген емеспін.

Содан біздің қиын өміріміз басталды. Анам таң атпай, аспанда жұлдыздар жарқырап көрінгенде кетіп, жұлдыздар шыққанда келіп жүретін. Қолына екі ағаштың қабына ораған бір уыс бидайы бар, сол бидайды алып келсе, біз жейміз, әкелмесе, ол да жоқ. Үйдің үлкені болған соң, екі сіңлімнің аузын бос қалдырмуға тырыстым. Көмек сұрайтын көршілерімнің де халі біздікі сияқты. Бар болса - бөлісетін, жоқ болса - мен де сұрап естерін шығармаймын. Ағайын да, туыс-таныстарың да өз беттерімен кеткен. Ол заманда керегіңді жүгіріп барып алып келетін магазин де жоқ. Қара суды каучукпен ішетінбіз. Өзі шыны кесе емес, сүйек кесе. Ыдыс-аяқты көршімен бөлісіп тұратынбыз. Анам қойынына ұрлап, тығып әкелген бір уыс бидайын қуырып, кегелі сапқа салып, қара көже жасап ішеміз. Ол кегелі сапты кезекке тұрып алатынбыз. Сіңлілеріме бидайды қуырып, тонның үстіне қойып, қазіргі шемішке ұқсатып, біртіндеп жегіздіріп, алдап, ойнатып отыратынмын. Қарақтарым-ай, бәрін жеп алғылары келеді, мен әдейі, бәрімізге жетсін, таласпасын деп ойын шығарып, біртіндеп, ауыздарын жыбырлатып отырсын деп жегізетінмін.Қыста маядан бір-бір сабан түсіріп береді, ол тез жанып, тез бітеді. Көктемде өгіз арбамен сасық қурай жинап, үйге тасимыз. Титтей күн шықса, жусан шауып аламыз.Мал жоқ, айдалада көршінің сиыры бар, ол сиырдың иесі көңілі бір түскенде, бізге бір кесе сүт беретін, бермесе - ол да жоқ. Аяқта - керзовый бәтеңке, баста - жамалған шыт. Ол шытымыз кірлеген кезде жуатын сабын да жоқ. Елдің ескі-құсқы киімін киіп жүретінбіз. Адамдар аштан өліп, қырылып жатса да, оны дәстүр бойынша жерлеуге ешкімнің де шамасы жетпейді, шамасы да жоқ оған. Адамның өлі денесін орайтын кілем де жоқ. Оны туырлыққа орап жерлейтін. Жерді қазатын еркек те аз. Әйтеуір бір туысқаны, жақыны болса, келіп жылап, көмеді. Жылайтын жас та жоқ.

О, Құдай, біз не көрмедік, аштықты да, жоқшылықты да көріп, содан өлмеген апаң әлі тірі, мықты ғой, қарағым. Құдайдың берген қуаты ғой, сондай қиыншылықтарды көріп, ауырмаған, сырқамаған апаң, қазір қақсап отыр.Біз көрген қиыншылықты, Алла сендерге бір күнін де көрсетпесін...- деп Қайынжамал апамыз өз сөзін аяқтады.

Жазып алған
Смағұлова Әсел
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Қамза Әлімұлы

Менің әкем – Қамза Әлімұлы, 1923 жылы қазіргі Қарасай ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. «Біз бір әке, бір шешеден 13 бала туған едік, солардан үлкен әпкем екеуміз ғана тірі қалдық» деп күңірене әңгімесін шертуші еді қайран әкем.«1932 жылдың суық күзінде бас сауғалап, жаяулатып Шамалған стансасына жеттік. Бір орыс машинистке алтын-күміс беріп, жүк пойызына отырдық. Бағытымыз – Қырғызстан, ол жерді ашаршылық жайламапты дегенді естігенбіз, мақсатымыз сонда жету. Қанша жүргеніміз есімде жоқ, пойыз бізді Тоқмақ қаласына әкеліп тастады. Стансаға түссек, ана жер, мына жерде сіресіп өліп жатқан қазақтар. Қала халқының дені өзбектер екен, олар ашаршылыққа ұшырамаған тәрізді: әр жерде шайханада сораптап шай ішіп отырғанын көрдік. Ал шайхана табалдырығында қатып қалған қазақтардың өлі денелерін киген киімдерінен танисың. Бұл жерде де қазақ үшін жан сақтаудың оңай еместігіне көзіміз жеткендей болдық. Әрі оңтүстікке қарай қашуға қауқарымыз қалмаған. Не де болса осында тұрақтауды жөн көрдік. Қаланың шетіндегі бір сайда аузы-мұрны жоқ біреулер тастап кеткен там бар екен, есік-терезесінің орнына текемет пен алаша жауып, соны паналадық. Екі үлкен ағаларым 17 жасар Мұғали мен 15 жасар Аббас (үйде Қабас дейтінбіз) сайдан қамыс орып, базарға отын ғып сатады. Содан тапқан азын-аулақ тиын-тебенге нан алып жейміз. Шешем елден алып шыққан алтын мен күмісті нанға айырбастайды. Кейін ол да таусылды. Бәріміз де ашпыз.Әкемнің інісі Кәртеңбай кезінде қайтыс болып, оның төрт әйелі де бізбен бірге болатын (кіші әкемнің баласы жоқтұғын, сондықтан да әйелді ала берген екен), алдымен сол төрт жеңгем қайтыс болды. Әкем кезінде Бұқара мен Самарқант жақта медресе бітіріп, ауылда молда болып, балалардың сауатын ашып, оқытқан кісі еді. Ауылдағы елді отырықшылдыққа үйрететін: үй салып, тауық-қаз ұстататын, бақ салдыратын. Еңбекшінің күнбатыс жағында «Әлімнің бағы» деген жер әлі күнге шейін бар. Әкем сол кезде 58 жаста еді. Әбден қажыған, әлсіреген, қозғалуға да қауқары жоқ, күні бойы есікте отыратын, ауыл жаққа көз тігіп. Менің жасым тоғызда, күн ұзақ жеті жасар Күлсім қарындасыммен ойнаймын, ойнағанда да көбінесе отырып немесе көрпе астынан басымызды қылтитып қана, асыр салып, жүгіріп ойнау деген жоқ.

Көктем шыға бізге де хабар келді «Қазақстанға жаңа бастық жіберіліпті, аты Мырзажан дейді, қазақ оңала бастапты» деп. Осыдан кейін екі ағам да қозғалыңқырай бастады «Елге қайтайық» деп. Әкемнің «Мен елге жете алмаймын, осында әл шақырып алайық» дегеніне қарамай, ақпан айының орта шенінде «қайдасың Қазақстан, қайдасың туған жер!» деп жаяулатып жолға шықтық.Шу өзенінің бойында әкем қайтыс болды. Оны өзеннің бойына көмдік. Кейінірек Аббас ағам да көз жұмды. Оны көмуге мұрша жоқ, денесін ескі бір дуалдың іргесіне қойып, дуалды шайқап-шайқап мәйітіне құлаттық – ит-құсқа жем болмасын дегеніміз ғой. Арып-ашып қырғыздың Қарабұлағы деген жерге де келдік-ау! Алатаудың ар жағы Қастек – қазақ жері, одан ауыл да алыс емес. Тек биік асудан өту керек. Анадай жерде қырғыздың киіз үйі тігіліпті, алдында он шақты қой жайылып жүр. Шешем Мұғали ағама «Менің әрі қарай жүре алмайтын түрім бар. Күлсім екеуміз осында қалайық, сен Қамза екеуің асудан өтіп, елге жетіңдер. Содан соң туған-туысты жиып, көлік алып, мені алып кетерсіңдер. Мен бір-екі күн мына қырғыздарға барып паналайын, мұсылман болса, қуып жібермейтін шығар» деді. Шешемнің сөзін жөн көрдік те ағам екеуміз жүріп кеттік.Қарлатып, борандатып асудан да өттік екі иінімізден әрең дем алып. Төмен түссек, елдің бәрі де қолдарына шелек ұстап, жотада жүр. Күні бойғы кәсіптері - сарышұнақтың ініне су құйып, тышқан аулау. «Қазақ оңала бастапты» деген әңгіме бекер болып шықты. Содан жаяулатып, ауылға келдік. Ауылдың жартысы қырылып қалыпты, аштықтан естері кеткен ел бізді елеп-ескермеді, тіпті жақтырмады да. Қысқасы не керек, ары ұмтылып, бері қарманып, Алматы жаққа тарттық та, ағам Мұғали біраз уақыттан соң Боралдайда салынып жатқан радиостанса құрылысына жұмысқа жалданды. Алайда бірер күннен соң ағама сүзек жабысып, ол да қайтыс болды. Жалғыз қалдым. Қарғалыдағы әпкеме тарттым. Жаяулатып, екі күн дегенде әпкеме де жеттім. Бірақ аш өзегіне түсіп кеткен жездемнің үй-іші мені құшақ жая қарсы алған жоқ. Бұл жердегі де күйім мәз болмаған соң, екі-үш күннен кейін қайтадан Алматыға жол түзедім. Түнде бір түп бұтаның арасына барып қондым. Түсіме әкем мен ағаларым кірді: бір ордың ар жағында тұр, ордың бер жағы сым темірмен қоршалған екен, маған күле сөйлеп: «Кел, келе ғой!» деп қолдарын бұлғап шақырады. Ұлдың ең кішісі болғандықтан ба, әкем марқұм мені қатты еркелететін, қасынан тастамайтын, соған орай өзім де шолжаң болып өстім: әкем мені бір жерге алмай кетсе, ызаланып, долданатынмын, тіпті пісіп тұрған қазанның ішіне сиіп те жіберетінмін. Білемін, әкем бәрібір менің бар қылығымды кешіретінін...

Сол еркелігіме салдым да, әкемнің шақыруына бармай, жалт бұрылып, қаша жөнелдім. Оянып кетсем, түсім екен. Қайтадан жолға шықтым. Ақсайға жете бере жолдың жиегінде асылып тұрған, астына от жағылған қазанның қасында бүкшеңдеп жүрген еркек пен әйелді көріп, «Бұлар маған тамақ берер ме екен» деп дәметіп, соларға қарай жүрдім. Әйел мені көріп, сасып қалды да, сонан соң «Келе ғой бермен, келе ғой, балам!» деп маған қарсы жүрді. Ер кісі де басын көтерді, бет-әлпеті қап-қара екен, көздері де жынданған адамның жанарындай қорқынышты. Ішім бір нәрсені сезгендей, зу етті. Қаша жөнелдім. Жаңа ғана жылы шыраймен жұмсақ сөйлеп тұрған әйел еркегіне өктем дауыспен «Ұста ананы!» деп бұйырды. Екуі де артымнан тұра жүгірді.

Қашып келемін, олар ентелеп келеді. Екі өкпем өшіп, «енді ұсталдым-ау!» дегенде бір дөңнің басына шығып үлгердім. Қарасам, дөңнің асты жол екен, сол жолда қасында кемпірі мен бала-шағасы бар, сақалы белуарына жеткен бір орыстың шалы ат жеккен арбамен шоқаңдатып келе жатыр екен. Соларға қарай жүгірдім. Әлгі екеуі орыстарды көре сала, жерге отыра қалып, шөпшек теріп жүргендей кейіп көрсетті. Мен тоқтамай, сайдан бірақ жүгіріп өттім. Орыстар да мүдірместен өз жолымен кетті, жаңағы екі адамжегіш те көрінбей кетті... Бір ажалдан құтылдым, білем, сол жолы..Айтып-айтпай не керек, Алматыда қайыр сұрап, бірнеше тәулік күнелткен соң, мені милиция ұстап алып, Сергиополдегі (қазіргі Аягөз) балалар үйіне өткізіп жіберді. Екі жылдан кейін ғана барлық балалары аштан өліп, өзі ғана тірі қалған Қарғалыдағы Секер әпкем әр жерге хат жазып жүріп, мені тауып алып, қолына алды.

Сөйтіп, ашаршылықта әкемнен, екінші әпкем Ынтық пен оның барлық балаларынан, үлкен ағаларым Мұғали мен Аббастан (ең үлкем ағам Мәди ауыл кеңесінің төрағасы еді, 1931 жылы ашаршылық ә деп басталғанда, оны «бидай ұрлады» деп айыптап, ату жазасына кескен болатын) айрылдым. Шешем мен қарындасым Күлсіннің не өлі, не тірі екенін де білмедім...Осыдан бастап Секер әпкемнің қолында болдым, орта мектептің жеті сыныбын бітірдім. 1942 жылдың күзінде соғысқа шақырылып, кеңес-түрік шекарасында бір жыл қызмет жасаған соң, 1943 жылдың қарашасында қылмыс кодексінің 58 бабының 12 тармағына сәйкес «антисоветтік үгіт-насихат жасады» деген жалған айыппен 10 жыл бостандық айрылуға кесілдім. Сол кезде таралған анекдот бар емес пе еді:

- Не үшін отырсың түрмеде?

- Еш жазығым жоқ, кінәсізбін!

- Өтірік! Кінәсіз болсаң, саған он жыл берер еді! Ал сенде он бес жыл!Воркута мен Хальмер-Ю қалаларының маңындағы лагерлерде шахтыда белшемнен суық суға батып көмір қаздым, қарағай құлаттым. Елге 1951 жылдың қысында ғана қайтып келдім».

Марқұм әкемнің хикаясы осындай. Кейінірек, ес жинап, үйлі-баранды болып, алты бала сүйгеннен кейін, 1968 жылы әкем Қырғызстанға барып қайтқан еді. Ондағы мақсаты қарындасын табу еді: «Шешем баяғыда қайтыс болып кетті ғой, алайда Күлсім қарындасым тірі шығар, соны тауып алайын». Қасына бір жеңгесін алып алды, өйткені «Қарындасым әкеме ұқсаған аққұба еді, менің жадымда әкемнің бейнесі көмескіленіп қалды ғой, қарындасымды таныса, әкемді келін болып түскеннен көрген осы жеңгем танитын шығар» деп. Қырғызстанда әкем бір айдай жүрді, бірақ қарындасын таба алмады: ешкім де естімеген, білмеген болып шықты.Бірақ әкем іздеуін тоқтатпады: хаттар да жазды, ылғи да біреулер арқылы сұрастырып та жүрді. Тіпті «Үмітсіз – шайтан» деді ме, қайдам, дінге берік әкем, бал ашудың күнә екендігін біле тұра, ауылдағы таныс балгерге қарындасы тұрғысында бал аштырып та еді. Балгер: «Қарындасың тірі: тұрмыс құрған, алты баласы бар екен» деп әкемді үміттендіріп қойған да.

Әкем біреулердің «Қырғыз деген қазақ сияқты аңғал емес, олар араларында болғанды ешкімге де тіс жарып айтпайды. Ал бала асырап алғанда, қара қойды сойып, барлық туған-туыс жиылып, қойдың ішек-қарнына қолдарын салып, «Бұл жәйтті енді бір адамға да айтпаймыз!» деп серттеседі екен. Сондықтан да қарындасыңызды бекер іздейсіз: бәрібір таппайсыз!» деген сөздерін де елемеді. Іздеу сала берді... Тек өзінің қайтыс болғанынан бір жыл бұрын (әкем 1995 жылы ақпан айында қайтыс болып еді) басқа бір балгер «қарындасың қайтыс болыпты» деп сәуегейленгеннен кейін ғана, бейсенбі-жұма күндері әруақтарға бағыштап Құран оқығанда, әкем Күлсім қарындасын дұғаларына қоса бастады...

Жазып алған
Асхат Қамзаұлы
1  2   3  4  ...
Кіру Формасы
Жаңалықтар күнтізбесі
«  Октябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031
Іздеу
Сайттың достары
Rambler's Top100