Вторник, 24.10.2017
NAUBET
Сайттың мәзірі
Бағалау
Оцените мой сайт
Жалпы жауабы: 187

Серікберген ата

1931-33 ашаршылық жылдары, Серікберген атаның айтуы бойынша, елде жейтін тамақ болмай, адамдар бір-бірін жеген екен.

- Ол кезде мен 15 жасар бала едім,- деп бастады әңгімесін көнетоз қария.- Біз үйде бес жан едік. Шешем, мен, інілерім Мәулімберген, Өрікберген, қарындасым Зұлқия.

Біздің тұрғанымыз су жоқ жер, шөлейтті аймақ еді. Жол жиегінде өліп жатқан адамдар жиі кездеседі. Кейде оларды жерлеп кетеміз, кейбір әйелдер емшектегі баласымен өліп жатады, сәбидің аузында шешесінің емшегі тіреліп қалған. Осындайларды көргенде қалай қорқып, шошымайсың? Тамақ, нан деген жоқ. Шешеміз берекелі кісі болатын. Бал қасықпен өлшеп бір қасықтан тары береді бәрімізге. Кейде түйені үш мезгіл сауып, сүтіне су қосып шалаптап, үлкен қазанға қайнатып, тошалаға сүйектерді қоса қайнатып, тау сарымсағын ұсақтап турап салып, бізге кесеге құйып беруші еді. Біз ет жеп, сорпа ішкендей болып қанағаттанатынбыз... Кей қыстақта қалған жүнін қырқып, тұздап алған мал терілері ешқашанда бұзылмайды екен. Шешеміз сол теріні ұсақтап турап, қазанға үш рет қайнатқанда, тері аппақ болады екен. Төртінші рет қайнатып, кәдімгі ет ретінде бізге береді. Біз ашпыз, соны соғып алатын едік.

Жауқазын сияқты аппақ сәбіз өсімдік болады, соны шоққа пісіріп жейтінбіз. Сөйтіп аш-жалаңаш жүріп, қара суық күзге де іліктік, жағдайымыз тіпті ауырлай бастады. Інілерім Мәулімберген мен Өрікберген, аштықтан болу керек, екеуі де жатып қалды. Құдай қуат берген шығар, мен әйтеуір сау болдым. Картоптың қабығын тауып, бір үлкен табыс тапқандай болып қаламын. Сол әкелген картоптың қабығына өзі сіріңкедей қана, сықсаң су шығатын қара нанды темір қалбырға салып, отқа-шоққа қайнатып, тұз болмағандықтан өзімше бір тұзын шығарып, бал қасықпен ең алдымен қозғалмай жатқан шешемнің ауызына құятынмын, сонан соң інілеріме және қарындасыма беретін едім. Түбінде қалған бір-екі қасықты өзім ішіп жерге жата кететін едім. Етігімнің табанында туырлық киізден жасалған ұлтарақ сияқты бірдеме болатын, жер-жерді тамақ іздеп шарлағандықтан ол екі-ақ күнге шыдайтын. Бұтымда жүнін ішіне қаратып шешем қолдан тіккен иленген тері шалбар еді. Өзі жылы болғанымен, аяздан сыртына қараған терісі сіресіп қатып қалатын, кеудемдегі тері тон да дәл шалбардай, басымда қолдан тігілген шүберек тұмақ болатын. Қыстан сол киіммен шығып едім...

Бір айтарым, аштық кіргенде неше түрлі аурулар да жай жатпайды екен, «Сыпной тиф», «Брюшной тиф» деген аурулар қаптап, аштыққа қосыла, шөпті шалғымен шапқандай, адамдарды қырып салды. Сондағы бізді аман-есен алып қалған орман-тоғай болды. Отынды сындырып алып, жаға бердік. Бірақ тіккен қоста пана болмайды екен, отты маздатып қанша жақсаң да, бет жағыңды ғана жылытып, арқа жағың мұздап отырады екен... Осыны айқанда Серікберген атаның көңілі босап, көзінен жас парлап, ары қарай әңгімесін жалғастыруға мұршасы болмай қалды. Кемсеңдеп отырған қарияның келіні ымдаған соң, мен әрі қарай сөз жалғастыруға ыңғайсызданып, үй ішіндегілермен қоштасып, далаға шықтым... ...Серікберген атамен тағы да сөйлесіп, әңгімесін тыңдауға басқа мүмкіншіліктің сәті түспеді...

Жазып алған
Оспанова Жадыра
(Ақсу ауданы, Кеңжыра ауылының тұрғыны)
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Бітікенова Сәди

- Мен 1916 жылы қазіргі Алакөл ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келдім. Әкем кезінде беделді би болған кісі. Сол байлықтың арқасында малдары тәркіленіп, өзі түрмеге қамалды. Ол 1917 жыл, қазақ жеріне орыстардың қоныстана бастаған кезі еді. Кейін 1928 жыл келді, әкем босатылды, мен онда он екідемін. Сонымен үйде мал жок, бірде ток, бірде аш қалыппен өмір кештік... Ашаршылық кезінде күн көру үшін орыс жеріне қыстыгүні жаяу жолға шықтық. Жолда келе жатып, көптеген адамдардың қырылғанын көрдік, біздің де ішімізде өлгендер жетерлік еді. Сонда өлгендерді шетке тастап, аяктарымызбен тарпып, қарға көміп кете береміз. Шұбартаудан Ақсуға барамыз деп, Көлбайға да жеттік. Ата-анам кайда қалғанын да білмеймін. Ұзақ жолға елдің шыдағаны шыдады, шыдамағаны шетінен өліп жатты. Өлгендерді лактырып жүріп кетеміз... Содан Көлбайдан бес шақырым жерде орналасқан орыстың селосына таядық. Бұл жерге келіп нан-су сұрап, ит күнді көрдік. Сосын біреуден пәленбай деген жерде қара бидай өседі дегенді естідік. Барсақ, шындығында да қап-қара боп, шайқалып өсіп тұр екен. Кезекке тұрып, бір-бір уыс қара бидайды алып келеміз, кәдімгідей қуанамыз, казіргі балалар кәмпитке қуанғандай... Түнімен келі-келсаппен уытып, әлгіден талқан жасаймыз. Ол уақиға шамамен 1930 жылы еді. Жалғыз мен емес, жұрттың бәрі солай күн кешіп еді. Солай тағы бір жыл өтті, 1931жыл келді. Ол жыл әбден сұмдык болды. Шұбартауда адамды жеуге шықты, - деп Сәди әженін көзіне мөлт еткен жасы келді. Жаным ашып, әжені аяп кеттім. Біраз демін басып, әңгімесін әрі қарай жалғастырды қарт ана:

- Эер үйде отырамыз. Ортаға от жағып, жылынамыз. Сол арада 17-ге де келіппін. Ширақтығыма қызықты ма, білмеймін, бір жігіт маған сөз айтты. Екеуіміз тұрмыс құрдык. Бір күні үстінде ескі күртешесі бар, кір тақия киген жасы үлкен кісі есіктен кірді де:

- Әй, балалар, жиналыңдар. Менде бір тақия толы бидайым бар, соны егейік,- деді. Сонда не кетпен жоқ, не күрек жоқтығына қарамай, егін ектік. Егін жақсы шықты. Оны жинап алдық. Сонымен қыс бойы қалтақтап, келер жылы үш тақия бидай ектік. Жаз ұзақ титтей баламызды арқалап, егінге барамыз. Еңбек еттік. Ақырын қолымыз тоқтыға да жетті. Сол жылы үш тоқты, бір танамыз болды. Ол бұзаулағанда , сүті тіпті рахат болды,- дейді сол кездегі бір кесе сүтті кәдімгідей бір күннің азығы қылған Сәди әже. Осындай қилы замандарда, аштыққа төтеп тұра алған, қиыншылыққа төзіп, ұрпактарын жалғастырған батыр әжеміздердің алдында әрқашанда бас июіміз керек.

Бұл әңгімені мен Талдықорған қаласы, Нестеров көшесінде тұрып жатқан Бітікенова Сәди әженің аузынан жазып алғанмын.

Жазып алған
Ерденбекова Жұлдыз
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Айгүл Қалысбаева

Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...
«Елім-ай» әнінен

Тарих бетіндегі деректерге жүгінсек, қазақ халқы ХХ ғасырдың басында екі рет 1921-1922 және 1930-1933 жылдары ашаршылыққа ұшыраған. Осы кезде Кеңес үкіметі «Шаш ал десе, бас алған» дегендей асыра сілтеу саясатын жүзеге асыра бастаған. Қысқа мерзім ішінде көшпелі қазақ халқын отырықшылыққа көшіру қолға алынды. Ауылдар ұжымшарларға (артель) біріктіріле бастады. Осы әлеуметтік эксперимент қазақтың тарихында болмаған апатқа әкеп соқты. Жаппай ұжымдастыру менің анамның туып өскен жері Екпінді ауылына да ауыр тиді...

Бұл ауыл басқа да ауылдар сияқты мал шаруашылығымен, оның ішінде астық дайындаумен айналысып, өз күнін кешіп жатқан сүттей ұйыған ауыл еді. Аяқ астынан зорлықпен іске асырыла бастаған мал, астық салығы және елден тартып алынған малдың арнайы бүлінген орында бірнеше тәулік бойы қамауда тұрып, жаппай қырыла бастағаны ауыл тұрғындарының қабырғасын мүлдем қайыстырып жіберді. Елді жайлаған аштық пен зорлық-зомбылыққа көнгісі келмеген Екпінді ауылының бірнеше отбасы артельде біраз уақыт жұмыс істеген соң, бір-ақ түннің ішінде көршілес жерлерге, Қытайға қашып кеткен екен. Бірақ «Бәлен жерде алтын бар, барсам - алтын түгіл бақыр да жоқ» демекші, ол жерде де жақсылық аз екен. Құжаттары дұрыс емес немесе кейбіреуінде құжат мүлдем жоқ болғандықтан Үрімшіден асып кете алмаған. Нағашы апамның айтуы бойынша, барар жері жоқ ауыл тұрғындары бар жиған-терген малын артельге тапсырған соң бала-шағасын асырау үшін Қоғалы жақтан бидай, картоп масағын, ал көктемде таудағы шуындық гүлінің тамырын қазып жеп, зорман деген аңды аулап, кекілік атып күн көреді. Менің анам Рахымова Басар 1932 жылы туған. Ол дүниеге келгенде әкесі артельге бермей қойған тайын қалжаға сойыпты. Кейіндері «басқа балаларым қой жегенде, менің тай жеген батыр қызым» деп еркелетеді екен. Нағашы апамның құдасы Нұрсағи бірде Шымыр мен Талдықорғанның ортасында орналасқан Нұра ауылына таяу бір үйге бет бұрып дем алмақшы болып, ат басын тірейді. Дәлізден үйге кіре бере адамның сирағын көріп, «Бұл не болды екен?» деп әрі қарай кірсе, екі ер Адам: «Е, жолаушы, жақсы келдің, кел, ауыз ти», деп оны тамаққа шақыра бастайды. Аштықтан бірінің етін бірі жеген адамдар екенін сезген Нұрсағи құда бұл үйден тұра қашады. Біздің ауылдың тұрғындары да аштық кезінде пайда болған жұқпалы аурудан көз жұмған. Сонда жотадағы қабірстан басына апарып жерлеуге шамалары жетпеген туған-туыстары мәйіттерді өздері отырған жақын маңға жерлей берген екен. 1930-1933 жылдардағы «қызыл қырғынға» ұшырап, Қытайға күн көріс іздеп кезіп кеткен ауыл азаматтарының тірі қалғандары 1955 жылы қайтып ауылға оралады. Голощекиннің қазақ халқына алып келген шығыны, 1932 мешін жылы болған зұлмат ХХ ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады. Ал ашаршылық жылдарына куә болған ауылдың көнекөз қариялары бұл күні шейіт болған жерлестеріне Құран бағыштап, ас беріп жатады деп естимін.

Адырханқызы Гүлзира

(Ескелді ауданы, Сырымбет ауылы, Жұматай Жақыпбаев атындағы орта мектептің ұстазы)

«Қазақ халқы не көрмеген халық. Жақсыны да, жаманды да басынан өткерді. Сонда да «жоқпын» деп жабықпады, «бармын» деп толыспады. Қазақ халқының басынан өткерген қиындығын басқа ешқандай ұлт көрген жоқ па деп ойлаймын. Себебі атам жарықтық «Зобалаң жылдық зорлығын ұмытпаңдар!» деп басынан өткерген қиындығын баяндап беретін. Сондағы ата-бабаларымының тартқан мұқанатын бүгінде Отаныма оралып, өмір өзгеріп, тыныштық арнаған шақта баяндап отырмын. Менің аталарым Балқаш өңірінің сары төсін мекендеген керей руынан таралған халық екен. Кең жазықта жайылған малын қайырып, жат-жұртқа жамандығыны тигізбей отырған кезде халық арасына көмпеске деген сөз тарайды. Ел аузынан тараған сөз құлақтан құлаққа жетеді. «Өкімет бардың малын алады, жоқтың жанын алады» деп шулады ел іші. Шынында да бұл шыққан сөз шындыққа айналды. Халықтың малы мен қамбасына қарауыл қойылды. Басында бірден алса, соңынан мыңнан алды өкімет. Қарсы шыққан адам қылмыскер атанып, жазалана бастады. Халық қол бастайтын қарттардың аузына қарады:

- Кешікпей аштық болады, өстіп қарап отырып, өле береміз бе? – дегендей.

Мұны көрген ауыл ақсақалдары қолынан келер қайран жоқ болып, қиналды. Қарсы келсе - басы кетеді, қарсы келмесе - аштықтан жасы кетеді. Не істейді, алдында үлкен сын. Ауыл аймағын аман алып қалудың үлкен негізі – қашып, шетке кету деген ой туады қарияларда. «Бауырларым мен бала-шағамның аштан өлгенін көргенше, қаңғырып шетте жүрсем де тірі жүргенін көрейін» деп бел байлайды көп ел. Неше ай атам түйе мен аттарды ұрлап, оларды бағады, жорытады. Неше күндік жолға шыдасын деп, сақадай сай болады. Асыл азаматтардан топ құрып, қарауыл қояды. Сонда да халықтың арасы ала-құла емес пе? Арасынан жансыз бен жандайшаптар шығып, «пәленше қашқалы жатыр» деп өкіметке хабар жеткізеді. Өкіметтің белсенділері келіп, ауылдың бас көтерерін алып, ұрып-соғады, олардың кейбірі сол арада қаза болады. Мұны көрген ел ашынады. Аштан өліп жатқан адамды, зорлық пен зомбылықты көрген халық топ болып ұйымдасып, көтеріліске шықпақ ниет білдіреді. Бірақ амалы мен себебін таппайды... Не істеуге қолынан қайран жоқ халық «Елім-ай!» деп зарлай-зарлай, туып өскен елін, жерін, тігулі үйін, құрулы төсегін тастап, жолға жетер азығын ғана алып, ауыл-аймақ болып жолға шығады. Алдында не күтіп отырғанын, қайда барып, қалай күн көретінін түсінбесе де: «Өлтіре қоймас, Голошекиннің тырнағынан шықсақ, ептеп күн көрерміз», - деп ел тәуекелге бел байлайды. Сол кеткеннен кетіп қалады, жолда аштықтан жүре алмай қалып, өлген ұл мен қыз, қарт адамдар қаншама десеңізші. Олардың қайсы бірін көмдік, қайсы бірі көмусіз де қалды,- деп атам жарықтық еңірегенде етегі жасқа толатын. Сол бетімен Қытайға түсіпті. Менің өңімде, 11-жасыма дейін Қытайда тұрдым. Атамды Қытай халқы киімін тонаса да, ниетін тонамай қарсы алыпты. Әрине алғаш барғанда жатар орын, жейтін тамақ, сөйлейтін сөзден бастап қиын болды

Бірақ ел «Аштық пен өлімнен құтылдық»,- деп қуаныпты. Дегенмен елінен, жерінен, Отанынан айырылу қандай қиын! «Қайран елім, қайран жерім!» деп жол айыртпағы бір жағы, Отанын-елін, ат ойланғысыз ауыл-аймақ, туған-туысын сағынып, қарт адамдар құсадан өліп те қалды деп қиналып айтатын атам. Қытайда егін ектік, мал бақтық, құлдықта жүрдік. Үйдегінің ит ішпейтіндігі, түздегінің ері шетік. Күн көріп, өмір сүру үшін барған халықтың ұнжырғасын түсірмей қамқоршы болу бізге, ақсақалдарға, міндет болды. Не керек, елден кеткеніме «Отаныма сатқындық жасадым ба?» десем, өзіме өзім:

- Жоқ, Отаның ұрлап көшкен жоқсың, халқыңды қатерден қорғап қаштың, Голошекиннің зорлығына төзбедің! Өзіңді қажытпа! Енді шет елде қазақ екеніңді, дініңді, тіліңді ұмытпа! - деп қамқоршы боламын.

- Көрген қорлығымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! - деп атам еркек басымен еңкілдеп жылағанда, кішкентай менің сәби жүрегім езілуші еді.

«Атаңа нағлат Голощекин қамбадағы астығымды, қорамдағы қойымды аямағанда, елімнен кетер ме едім!» - деп еңірейтін атам. Иә, тәубә. Атамның жетпеген арманына бүгіндері біз жеттік. Сонау 1961 жылы ата мекенімізге оралдық. Өз мамандығымыз бойынша жұмыс жасап, бала-шағамызды оқытып, орны толмас оқиғаның жартысын болса да жалғап жатырмын. Ата-бабамның туған топырағына барып, Голошекин мен оның құйыршықтарына қарғыс айттым. Жазықсыз бабамды жат елге қаңғыртып жіберген үшін жер астында тыншымасын солардың аруағы.Бүгінде Моңғол, Қытай аттанып отырған қазақтардың қандай қиындықпен өзінің тілін, дінін, сақтап қалғанын өз елінде өмір сүрген қазақ түсінбейді деп ойлаймын. Жат елде, бөгде тілде сөйлеп, бөгде елдің дәстүр- салтымен қалыптасу кімге оңай дейсің?!. Дегенмен де ертеден қара кешке дейін «Сен - қазақсың. Кеудеңде қазақ деп соққан жүрегің, денеңде қазақ деп жүгірген қаның бар. Тіліңді ұмытпа, тіліңді ұмытсаң - ұлтыңды ұмытасың, құрисың!» деп ұқтырудың арқасында ана тілімізге дақ түсірмеген, ата-салтымызды асқақтатқан, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды қастерлеген қалпымызда қазақ еліне қайта оралдық.Қазіргі қазаққа айтарым:

- Біріңді бірің жамандама, қолыңды шошайтып «Анау сөйтті, мынай өйтті!» деп! Ұлтыңды сатпа! Қаншама жыл тентіреп, Отанына сағына оралған қандастарыңда тарихтың бір бөлігі бар. Олардың кеудесінен итерме, кеңес өкіметі мен орыстан таяқ жеп, жат жерде тентіреп өскені де жетеді оларға! Оларды енді сендер өгейсіретпеңдер! Татулық пен береке бірлікті Абылайдың ақ туындай асқақтатыңдар! «Алтау ала болса - ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса - төбедегі келеді» демекші тату болыңдар!

Голощекиндер әлі де бар, байқаңдар! Еліңнен айырылма, жеріңнен жетімсіреме! Төбесі асқар, түңлігі бүтін іргесі бекем ел болайық!Ашаршылық келмесін, голощекиндер мен құйыршықтар қайта тумасын!»

Жазып алған
Шымшықова Динара
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті

Әлімхан Исабаева

Ашаршылық жылдарында қаншама қиыншылықты бастан өткізген Кербұлақ ауданы, Қаспан ауылының тұрғыны апам Әлімхан Исабаева өзінің көргенін және ауыздан ауызға тараған әңгімелерді айтып отырушы еді.

- Сол кезде бір бөлке нан үшін не істемедік? Түрлі ауыр жұмыс істеп, таудан көйлектің етегіне көмір толтырып тасып жүріп, күндік ақысына бір бөлке алып, соған риза болатынбыз. Асығып үйге келіп, сол нанды үстел жағалай отырып, адам басына үш мезгілдік асқа тұрарлықтай бөліп, балаларға нан кескен пышақтың қырын жалататынбыз.

Ас болса - болды, болмаса ауылдың ашыққан қатын, бала-шағасы бір үйге жиналып, еркектері болса тентіреп нан, масақ іздеп кететін. Бір табақ бидай қуырып, оны бір талдап дәмін алып қана, қаншама күн бастан өткердік десеңші. Ауылдың көп адамдары әлсіреп, ашаршылықтан қашып, тамақ тойдырмақ ниетпен ел кезіп, тентіреп кетті. Амал таппағандықтан аштықтан адам етін жеп тірі қалғандар қаншама. Өз ішінен, ет-жүрегінен жаралған нәрестесін жеген аналар, әкелер қаншама болды!.. Сол заманда бай мен кедейде айырмашылық болмады. Байлар тыққылаған алтынын бір дорба ұнға айырбастауға зар болды. Сол қыстың жұтында мал да қырылды. Қаншама қазағым ашаршылыққа шыдай алмай өліп кетті!.. Апа-аналарымыз аштық кезінде тышқан аулап жеген, жердегі жыбырлаған құрт-құмырсқаны да жеген. Өкімет малды отар-отар қылып қалаға айдап, халыққа жегізбей кеткен...

Бектербеков Егебай

1924 жылының желтоқсан айында қазіргі Ескелді ауданы Шұбар ауылында дүниеге келген Бектербеков Егебай деген ақсақалдың аузынан жазып алған әңгіме келесідей.Бұл ашаршылықтан кейінгі 1934 не 1935 жылдары Сорноқай жотасы деген жерде болған оқиға. Сол қыста Егебайдың ашаршылықта жоғалып кеткен ағасы Беққали тауда жападан-жалғыз, тамақ болмағандықтан шөптін басын теріп жүргеннін естіген шешесі Рахима Ағыбайқызы баласын іздеп барады. Аштықтан есінен адаса бастаған, ісіп-кеуіп кеткен ұлы Беқкали анасын танымай қалыпты. Содан әйтеуір арбаға салып, алып келген баласын адам қалпына келтіруге ұмтылады. Баласының өзегіне аш түсіп, өліп қалмауы үшін күніне тек екі реттен қана бір қасық тамақ береді екен. Ол кезде тамақ та жоқ, тек бидай бұқтырып жейді екен ел. Содан кейін тамақты күніне бір қасықтан көбейткен. Сөйтіп, әйтеуір, бір айдан соң баласын қалпына келтіріпті анасы.
                                                                                                                                                                  Жазып алған
                                                                                                                                                      Ибраимова Сандуғаш
                                                                                                                                            Ө.А.Жолдасбеков атындағы
                                                                                                                             экономика және құқық академиясы
студенті
 
1  2  ...  4  5
Кіру Формасы
Жаңалықтар күнтізбесі
«  Октябрь 2017  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031
Іздеу
Сайттың достары
Rambler's Top100